НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желіде тарап кеткен дезинфекцияға арналған дәрі шашылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Нұр-Сұлтан тұрғындары арасында дезинфекцияға қатысты мәлімет тарады. WhatsApp-тағы хабарламада бүгін түнде тікұшақпен арнайы дәрі шашылатыны жайында айтылған.
"Бүгін сағат 23:00-де және таңғы 5:00-де тікұшақтар дезинфекцияға арналған дәрі шашады. Сол себепті терезе мен балконды жауып тастау керек. Түнгі 23:00-ден кейін далаға шығуға болмайды", - делінген орыс тіліндегі хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Нұр-Сұлтан әкімдігі де ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды.
Коронавирус эпидемиясы
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 27 адам коронавирус жұқтырды. Оның 13-і Алматыда, қалған 14-і Нұр-Сұлтан қаласында.
Айта кетсек, індетке шалдыққандар арасында екі жасар сәби де бар.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда тағы 14 адамнан коронавирус табылды
1536 адам стационарлық карантинде, ал 1094 адам үй карантиніне алынған.
Коронавирустың алдын алу мақсатында елімізде 16 наурыз таңғы сағат 08.00-ден бастап төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуір таңғы 07.00-ге дейін күшінде болады.