АЛМАТЫ, 17 наурыз – Sputnik. Коронавирустың таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Әркім өз үйінде жұма намазының орнына бесін намазын өтейді. Елде төтенше жағдай жариялануына байланысты жұма намазы уақытша тоқтайды. Мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды", - делінген діни басқарма ақпаратында.
Сонымен қатар мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас уақытша тоқтатылады.
"Жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізген дұрыс", - делінген ақпаратта.
Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақстандық дәрігерлерге үндеу жасады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықты сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге шақырды.
Коронавирус эпидемиясы
Қазақстанда 13 наурызда коронавирустың алғашқы жағдайы тіркелді. Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны – он адам, екеуі – Нұр-Сұлтанда, сегіз адам – Алматы қаласында. Арасында 12 жастағы бала бар.
Мемлекет басшысының жарлығымен 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Ол 30 тәулікке жалғасады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі
16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялады. Президенттің айтуынша, Қазақстанның халықаралық резерві 90 миллиард долларға жетті. Ал бұл қаражат экономикалық тұрақтылықтың негізі бола алады. Сол қаржы есебінен мемлекет өзінің әлеуметтік міндетерін атқара алады.
Сонымен қатар мемлекет басшысы қажет болған жағдайда, төтенше жағдай режимінің ұзартылуы мүмкін екенін айтты.