Қоғам

Көктемгі егіс жұмыстарына қанша дизель отыны бөлінді

© Sputnik / Алексей Мальгавко / Медиабанкке өтуПосевная
Посевная - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының бағасы тоннасына 194 мың теңгеден 184 мың теңгеге дейін төмендетілді

НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Биыл көктемгі егіс жұмыстарына 387 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Биыл энергетика министрлігімен келісім бойынша ақпан-маусым айы аралығында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 387 мың тонна дизель отыны бөлінді", - деді министр үкімет отырысында.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрлігі ауа райының қолайсыздығын ескеріп, қосымша 10 мың тонна дизель отынын бөлуді сұраған. Оны энергетика министрлігі де қолдады.

"Бұл барлық өңірдің дизель отынына деген қажеттілігін толық көлемде өтеуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті Омаров.

Қазіргі кезде өңірлердің операторлары шарт жасасу және наурыз айына бөлінген дизель отыны үшін төлем жүргізуде.

Ал энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын тиеп-жөнелту жұмысы бірінші кезекте тұрғанын айтты.

"Әлемде энергия көздері бағасының төмендеуі аясында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының бағасы тоннасына 194 мың теңгеден 184 мың теңгеге дейін төмендетілді. Жеткізу мен сақтауды есепке ала отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін болжамды баға литріне шамамен 172 теңгені құрауы тиіс. Яғни бұл жанар-жағармай стансаларының бағасынан 21 теңгеге арзан. Бұл баға тек наурыз айына ғана ұсынылды, кейіннен дизель отынының бағасы сол кезеңде нарықта қалыптасқан конъюнктураны ескере отырып есептеледі", - деді министр.

Ол тиеп-жөнелтілмеген дизель отынына қайта есептеулер жүргізілетінін айтты.

Жаңалықтар
0