Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда карантин уақытында патрульдік бақылау күшейеді

© Sputnik / Владислав ВодневПолицейский на дороге
Полицейский на дороге - Sputnik Қазақстан
Жазылу
19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтанда карантин енгізіледі, қазіргі уақытта қалада 17 адам коронавирус жұқтырғаны анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Елорда әкімі Алтай Көлгінов карантин уақытында қаладағы нысандар қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Қаланың сауда ойын-сауық орталықтарында азық-түлік дүкендері, көлік жуатын жерлер мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Қалған сауда орындарының барлығы уақытша жұмысын тоқтатады. Қаладағы он екі ірі сауда ойын-сауық орталығы қазір уақытша жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдады", - деді ол онлайн-брифингте.

Сонымен бірге халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақытша шектеледі.

"Өздеріңіз білетіндей ол жерге көптеген адам келеді. Қазіргі уақытта шұғыл мәселе болмаса, ол жерге бармауды сұраймыз", - деді әкім.

Барлық ұйымның басшыларына қызметкерлерінің жетпіс процентін қашықтан жұмыс істеуге немесе еңбек демалысына шығару ұсынылды. Бұл құқық қорғау, коммуналдық қызметтерге, арнайы органдарға немесе медицина қызметкерлеріне, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басқа ұйымдарға қатысты емес.

Сауда ойын-сауық орталықтарында, базарлар, коммуналдық шаруашылық, тамақ өнерекәсібі, қоғамдық тамақтану орындарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, вокзалдарда, әуежайларда, қонақ үйлер мен тағы басқа орындарда санитарлық-дезинфекциялық шаралар күшейтілді.

Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында қала аумағында патрульдік бақылау күшейеді.

Тұрғын үйлердің кіреберістерін, есік тұтқаларын, баспалдақтарды, сонымен қатар лифтерді күніне кемінде екі рет залалсыздандыру тапсырылды. Барлық коммуналдық қызметкерлер күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.

Алматы мен Нұр-Сұлтан карантинге жабылады

16 наурыз күні президенттің жарлығымен Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді. Ол бір айға созылады.

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдады.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 32-ге жетті. Нұр-Сұлтанда - 17 адам, Алматы қаласында - 15 адам.

Жаңалықтар
0