НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. 18 наурыздан бастап елордада барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақша жабылады. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Балалардың қауіпсіздігі үшін ертеңнен бастап мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар, балалар үйірмелері жабылады", - деді Көлгінов астанада өткен онлайн-брифингте.
Сауда ойын-сауық орталықтарында тек азық-түлік дүкендері, машина жуатын жерлер мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Қалған сауда нысандарының бәрі жұмысын уақытша тоқтатады.
Әкімнің айтуынша, сауда орталықтарындағы мейрамханаларға тамақты үйге жеткізу ұсынылған.
Сонымен бірге, қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынып отыр.
19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдады.
Бүгінде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 32 адамға жетті. 15 науқас Алматыда, қалған 17-і Нұр-Сұлтанда жатыр.
16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды, шектеу шаралары қабылданған еді.