НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Елорда әкімі Алтай Көлгінов карантинге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында карантин енгізуді ұсындық. Бүгін премьер-министрдің төрағалығымен мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Оған сәйкес, осы жылдың 19 наурызынан бастап елорда аумағында түнгі он екіден бастап карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл дегеніміз шектеу мен бақылау шаралары қауіпсіздік мақсатында күшейтілетін болады", - деді Көлгінов онлайн брифингте.
Автовокзалдарда қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынды. Елорда аумағына кіріп-шығатын жерлерде шектеу қойылады.
Сонымен бірге, барлық кіріп шығатын жерде көлік түрлері үшін коронавирусқа күдікті адамдарды немесе жұқтырғандарды анықтау үшін қосымша пунктер орнатылады.
"Карантин мен коменданттық сағатты шатастырмауға шақырамыз. Өйткені карантин шектеу қою, яғни азаматтар қажет болмаған жағдайда, көп адам шоғырланған орындарға бармауы тиіс. Қозғалысы шектеледі. Өз-өзімізді тәртіпке шақырайық", - деді қала басшысы.
Бүгінде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 32 адамға жетті. 15 науқас Алматыда, қалған 17-і Нұр-Сұлтанда жатыр.
16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды, шектеу шаралары қабылданды.