Саясат

Ақорда Тоқаевтың арнайы жарлығын жариялады

© Sputnik / Владислав ВодневАкорда ночью
Акорда ночью - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ақорданың ресми сайтында "Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" жарлықтың мәтіні жарияланды

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыс жағдайы кезінде заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты үкіметке бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, осы құжат Конституцияның 44-бабы мен "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" конституциялық заң негізінде қабылданды.

Негізгі мақсат - халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, мемлекеттік аппараттың тұрақты жұмыс істеуіне қауіп төндіретін немесе төндіруі мүмкін дағдарысты жағдайлар кезінде мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді ажырату.

Осылайша, Қазақстан президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілдік ететін жоғары лауазымды тұлға ретінде әлеуметтік-экономикалық салада келесі мәселелер бойынша өзгеше тәртіппен мемлекеттік органдарға тапсырма беруге немесе тиісті актілерді қабылдауға құқылы:

  • Қазақстан Республикасының Конституциясында реттелген мәселелерді қоспағанда, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріннің қызметі және оларды ұйымдастыру жұмысы;
  • салық салу, мемлекеттік бюджетті қалыптастыру, нақтылау және пайдалану;
  • халықтың және экономиканың үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тауарларды әкелу және әкету;
  • мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастыру;
  • еңбекақы төлеу, азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, мемлекеттік әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету, медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйесі мен шарттарын қалыптастыру;
  • шекті тарифтерді және халықтың және экономиканың үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік пен басқа да тауарларға бағаларды белгілеу;
  • бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
  • лицензиялау, рұқсаттар және хабарламалар;
  • мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;
  • құқық  тәртібін қамтамасыз ету;
  • қаржы нарықтары мен қаржы ұйымдары;
  • елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру;
  • монополияға қарсы заңнама және бәсекелестікті қорғау;
  • ҚР Конституциясы, Қазақстан президенті мен үкіметінің актілері және заңдарында қарастырылған өзге де функциялар мен бағыттарды жүзеге асыру.

Мемлекет басшысы үкіметке бір айдың ішінде заңнамалық актілерге осы жарлықты іске асыруға, соның ішінде қажет болған кезде өзге де функцияларды қайта бөлуге бағытталған өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді көздейтін заң жобасын мәжілістің қарауына енгізуді тапсырды.

Жаңалықтар
0