НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз - Sputnik. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі коронавирус бойынша 15 наурыздағы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бүгінде елімізде коронавирус жұқтырған 6 науқас тіркелген: Алматы қаласында – 4, Нұр-Сұлтан қаласында – 2 адам. Стационарлық карантинде 1 мың 425 адам, үй карантинінде 496 адам жатыр", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ҚХР-дан және шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда.
Барлық санат бойынша мониторингке 2 мың 507 адам алынды, оның ішінде 1 "а" санаты бойынша – 1 мың 619, 1 "б" санаты бойынша – 520, 2 санат бойынша – 368 адам. Мониторингке алынған 2 мың 507 адамның 424-cіне бақылау тоқтатылды. 15 наурыздағы жағдай бойынша барлығы 2 мың 083 адамға бақылау жүргізілуде.
"Қазіргі уақытта дене қызуымен және ЖРВИ белгілерімен 122 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 1 "б" санаты бойынша – 35 адам; 2 санат бойынша – 42 адам; 3 санат бойынша - 45 адам. Ауруханаға жатқызылғандар саны 122 адам, 62 азамат шығарылды. 60 адам стационарда қалады", - деп хабарлады министрлік.
Тағы оқыңыз: Алматы метросында жөтеліп, жолаушылардың зәресін ұшырған жігіт қамауға алынды
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен бұл пациенттер алгоритмге сәйкес инфекциялық стационарға жатқызылды.
Эпидемияға қарсы қажетті шаралар, оның ішінде оқшаулау, емдеу және дезинфекция жасау жұмыстары жүргізілуде.
Әлемдегі эпидемиологиялық жағдай
Әлемде 152 елде 156 494 коронавирус жағдайы тіркелген, оның ішінде ҚХР-да 80 884 жағдай (күн сайынғы өсім – 0,02%), 3 199 адам қайтыс болды. 66 911 адам дерттен сауыққан (82,7%). Стационарларда 10 734 науқас қалып отыр.
Әлемнің басқа елдерінде – 75 650 (круиз лайнерін қоса алғанда) оқиға (күн сайынғы өсім – 17,2%), оның ішінде 2 623 адам көз жұмған.
Алдын алу шаралары
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін қатаң алдын алу шараларын сақтауға кеңес береді:
- - қолды, бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
- - адамдар көп жиналатын жерлерге мүлдем бармау;
- - сырқат адамдарға жақындамау;
- - суық тию белгілері пайда болған жағдайда (дене қызуы жоғарылап, мұрын бітелсе, жөтел, тамақтың ауыруы) тез арада үйге жедел жәрдем шақыру қажет.