Қоғам

Қазақстанда тағы екі адамнан коронавирус табылды

© Sputnik / Владислав ВодневЖенщина в медицинской маске в Нур-Султане
Женщина в медицинской маске в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұған дейін елімізде 6 адам коронавирус жұқтырғаны хабарланған еді, Алматы қаласында – 4, Нұр-Сұлтан қаласында – 2 адам

НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз – Sputnik. Қазақстанда тағы екі адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгінгі таңда тағы екі науқас тіркелді. Бірінші науқас - әйел. Біздің инфекциялық стационарда изоляцияда жатқан пациент. Бұрын күйеуінде диагноз анықталған болатын. Қосымша диагностиканың нәтижесі бойынша коронавирус табылды. Бұл отбасының барлық мүшесі инфекциялық ауруханада, басқа адамдардан оқшауланған", - деп мәлімдеді Біртанов брифингте.

Әйел 1959 жылы туған, Алматыдағы инфекциялық ауруханада жатыр. Күйеуі екеуі Мәскеу қаласынан ұшып келген кезде оқшауланған.

Ал, екіншісі 1995 жылы туған ер адам. Ол кеше Сеулден Алматыға ұшақпен ұшып келген.

Бұған дейін Қазақстанда 6 адамның коронавирус жұқтырғаны хабарланған еді. Олардың төртеуі – Алматыда, екеуі – Нұр-Сұлтанда, барлығы шетелден ұшып келген.

Тағы бір қазақстандық Германияда емделіп жатыр, белгілі болғандай, ол қазақстандық дипломаттардың бірінің әкесі.

Қазір 1425 адам стационарлық карантинде жатыр, ал 496 адам үйде карантинге алынған.

Коронавирус қандай өзгеріс енгізді

Коронавирустың таралуына байланысты 13 наурыздан бастап Қазақстанда бұқаралық іс-шараларды, соның ішінде мерекелік, спорттық, мәдени-көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар мен көрмелерді өткізуге тыйым салынды.

Кинотеатрлар мен балалардың ойын алаңдары уақытша жабылды.

Мектеп оқушылары 2020 жылдың 16 наурызы мен 5 сәуірі аралығында каникулда болады. Ал 16 наурыздан бастап колледж бен жоғары оқу орындары қашықтықтан оқытуға көшеді. Мұғалімдер де осы кезеңде үйден жұмыс істей алады, олардың жалақысы сақталады.

Десе де, әзірге балабақшалардың жұмысы тоқтатылмайды. Алайда ата-аналардың мүмкіндігіне қарай балабақшаға бармауға ұсыныс жасалды. Білім министрлігі егер баланы үйде алып қалса, балабақшадағы орны сақтала беретінін мәлімдеді. 

Бұдан бөлек, балалар сарайы, музыка мен өнер мектептері, түрлі үйірмелер жұмысын тоқтатты.

Сонымен қатар, 18 наурызда "Nur Otan" партиясы саяси кеңесінің отырысы өтпейтін болды. Мемлекеттік қызметкерлердің шетелге іссапарлары шектелді.

Қазақстан полициясы ерекше қызмет режиміне көшті. Полиция мен ұлттық ұланның жаяу жасақтары көбейтілді, сондай-ақ стратегиялық және аса маңызды мемлекеттік объектілерді күзету күшейтілді.

Бұған дейін Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандардың саны бес адамнан асқан жағдайда төтенше жағдай режимін енгізу мәселесі қарастырылуы мүмкін екені хабарланған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды сабырға шақырып, коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан арандатушылар жазасыз қалмайтынын ескертті.

Коронавирус бойынша қолайсыз елдер 

1 а) санатына Иран, Италия; 1 б) санатына Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Испания, Франция елдері енген.

2 санатта – Австрия, Бельгия, Дания, Катар, Норвегия, Нидерланды, БАӘ, Швейцария, Швеция.

3 санаттағы елдер тізімінде Әзербайжан, Ұлыбритания, Ирак, Люксембург, Словения, АҚШ, Чехия және Жапония бар.

Коронавирустың белгілері

  • Дене қызуының көтерілуі;
  • Құрғақ жөтел;
  • Тыныс алудың қиындауы.

Осы белгілер байқалған жағдайда, үйге жедел жәрдем шақырып немесе 1406 нөмірін теріп, тәулік бойы істейтін call-орталыққа хабарласу қажет.

Алдын алу шаралары

  • қолды, бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • халық көп жиналатын жерлерге мүлдем бармау;
  • сырқат адамдарға жақындамау.
Жаңалықтар
0