Қоғам

Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді

© Sputnik / Владислав ВодневАкорда ночью
Акорда ночью - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстанда коронавирусқа қатысты төтенше жағдай енгізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарлыққа қол қойды

НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз — Sputnik. Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді. Ол 16 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін созылады. Мемлекеттік комиссия құрылады. Ол премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен жұмыс істейді. Президент тиісті жарлыққа қол қойды.

Төтенше жағдай кезіндегі шаралар мен шектеулер:

  1. қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және  ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;
  2. ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылсын;
  3. сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтата тұрсын;
  4. карантин енгізсін, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларды, оның ішінде Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен жүзеге асырсын;
  5. ойын-сауық,  спорттық  және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ, отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын;
  6. Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстанға келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленсін.

Үкіметке қандай тапсырма берілді

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін үкімет резервінен қажетті қаражат бөлінеді. Сондай-ақ, медициналық тексеруден және емделуден, карантиндік режимді сақтаудан бас тартатын, эпидемиологиялық жағдайды айқындау үшін маңызы бар деректерді жасыратын адамдарды бақылау шарасы күшейтіледі.

Мұнымен қоса, орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, ел аумағында COVID-19 коронавирусының таралуын болдырмау мақсатындағы шаралар қабылданады.

Жаңалықтар
0