НҰР-СҰЛТАН, 14 наурыз – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жатақханада жатқан студенттерді үйге жіберу тәртібі туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бір-екі күннің ішінде жатақхананы босатыңдар деп, барлық студентті қуа алмаймыз. Біз жоғары оқу орындары мен коледждердің басшылығына тапсырма бердік. Егер студенттің басқа жерге баратын мүмкіндігі болмаса, жатақханада қалуға болады", - деді Аймағамбетов астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оқи отырыңыз: Білім министрлігі балаларды балабақшаға алып бармауды ұсынды
Министрдің айтуынша, жатақханада ешқандай шаралар өткізілмейді. Әрбір студент өз бөлмесінде ғана болуы тиіс. Басқа студенттермен араласуға болмайды.
"Сосын балалар үйлері бар. Олар сол жерде тұрады, сол жерде өмір сүреді. Сондықтан балалар үйлеріне қатысты шектеу режимін енгіздік. Ешкімді кіргізбейді", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.
Айта кетейік, Қазақстанда алты адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.
Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың таралуына байланысты оқушылар 2020 жылдың 16 наурызы мен 5 сәуірі аралығында каникулда болатынын, ал 16 наурыздан бастап колледж бен жоғары оқу орындары қашықтықтан оқытуға көшетінін жариялады.