АЛМАТЫ, 14 наурыз – Sputnik. Алматы қаласы бойынша коронавирус табылған төртінші азамат Мәскеуде вирус жұқтырған ұлының жанында болған. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ол жақта туыстарымен бірге болған. Науқастың ұлы сонда коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Алайда ол бізге бұл жайлы айтқан жоқ. Кеше кешке бізге келді, таңертең нәтиженің оң екені анықталды. Әйелі екеуін ауруханаға жатқыздық. Екеуі екі бөлек оқшауланды. Тығыз қарым-қатынаста болғандықтан жұбайына қатаң бақылау орнатылды. Бүгін одан да коронавирусқа тексеру үшін анализ алынды", - деді Әбілдаев.
Оның айтуынша, Ресей мен Қазақстан арасында әуе қатынасына шектеу қойылған жоқ.
"Ресей Федерациясы ауыр санаттағы ел тізіміне енбейді. Екінші санаттағы елдердің тізімінде, сондықтан ол жақтан келген азаматтарға тек қоңырау шалып, қажет болған жағдайда медициналық тексеру жүргізіледі. Соған қарай карантинге жатқызылатыны я болмаса тексеруден өтетіні анықталады. Екі ел арасында арнайы келісім бар. Бүгінгі таңда Ресей мен Қазақстан арасында әуе қатынасына шектеу қойылған жоқ", - деді Әбілдаев.
Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін
Ал халықаралық рейстерден келген азаматтардың қалай тексеруден өтетіні жайлы Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова жауап берді.
"Халықаралық және мемлекет ішіндегі рейстердегі азаматтар белгіленген тексеруден өтеді. Анкета толтырып, дене қызуы тексеріліп, тұрғылықты жері анықталады да, емдеу орталығына беріледі", - деді Қалықова.
Коронавирус індеті
Айта кетсек, Алматыда коронавирус жұқтырғандардың саны төртке жетті. Олардың үшеуінің жағдайы қалыпты, біреуінің хәлі орташа деп бағаланып отыр. Жалпы, Алматыда 606 адам карантинде жатыр.
Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстанда дертке шалдыққан алты адам анықталды. Екеуі Нұр-Сұлтанда ауруханада емделуде. Олардың барлығы шетелден ұшақпен ұшып келген. Төртеуі Германиядан, біреуі Италиядан, тағы бір әйел Варшавадан, бірақ оның да Германияда болғаны хабарланды.