НҰР-СҰЛТАН, 13 наурыз – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Ресей үкімет төрағасы Михаил Мишустинмен және Беларусь премьері Сергей Румаспен телефон арқылы сөйлесті.
Primeminister.kz сайты хабарлағандай, үкімет басшылары Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Беларусь сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Ресей премьер-министрінің Қазақстанға сапары
Айта кетейік, Михаил Мишустин премьер-министр ретінде Қазақстанға алғашқы шетелдік сапарын жасады. Ол 31 қаңтарда Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында болып, 1 ақпанда Нұр-Сұлтанға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуге барды.
Сол күні Ресей премьері Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Қазақстанның тұңғыш президенті Михаил Мишустинді Ресейдің премьер-министрі болып тағайындалуымен құттықтады.
Маминнің Румаспен кездесуі
Румас пен Мамин 31 қаңтарда Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген және шағын құрамдағы отырысында кездесті. Тараптар 12 мәселені талқылады. Талқылаудың негізгі бағыты – Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істеуі және оның нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру.