Қоғам

Оқушылар қандай жағдайда үйде оқиды – министр жауабы

© Sputnik / Ирина АдамоваШкола в здании бани
Школа в здании бани - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап демалысқа шығады. Ал колледж бен универститет студенттері қашықтан оқыту жүйесіне ауысады

НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларын қашықтан оқыту жүйесіне ауыстыру туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әзірше, мектеп оқушыларының демалысын 21 наурыздан 16-сына ауыстыру шешімі ғана шығарылып отыр. Басқа өзгеріс жоқ. Ал алдағы уақытта эпидемиологиялық жағдай нашарлайтын болса, онда қашықтан оқыту форматына ауыстыру шешімі қабылданады. Қашықтан оқыту сабақ өте береді деген сөз", - деді Аймағамбетов арнайы баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде ақылы ресурстар өз қорымен тегін бөлісіп жатыр. Соның арқасында қашықтан оқыту жағынан қиындық болмайды.

"Енді, болашақта эпидемиологиялық жағдайдың қалай болатынын ешкім білмейді ғой. Бәлкім, бізде коронавирус болмайды. Ал болады десе, біз қашықтан оқыту режиміне дайынбыз. Мәселен, "Bilim Media Group" деген ақылы ресурс бар. Олар өзінің 40 мың дәрісін тегін беріп отыр. Басқа ресурстар да өз көмек көрсетуге дайын. Біз тиісті әдістемелік нұсқауды әзірлеп, мектептерге жіберіп жатырмыз", - деді Аймағамбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 

Тоқаевтың тапсырмасы

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы қоғамдық шаралардың уақытша тоқтатылатынын мәлімдеді. Осыған байланысты коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қосымша шараларды әзірледі. 13 наурыздан бастап бұқаралық іс-шараларға, соның ішінде мерекелік, спорттық, мәдени-көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар мен көрмелерді өткізуге тыйым салынады.

Бұдан бөлек, барлық қоғамдық ұйым арнайы режимге көшеді. Жалпы, мынадай шаралар қарастырылған:

  • Денсаулық  сақтау ұйымдары, қоғамдық көпшілік орындары, білім беру ұйымдары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, қоммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі орындары, базарлар, қонақ үйлер, әуежайлар мен вокзалдарда күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим енгізу;
  • Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік нысандарға, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орындарына баруға шектеу қою;
  • Каникул кезінде оқушылардың өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауына тыйым салу;
  • Қоғамдық көлікті жуу мен дезинфекциялау, орта білім беру ұйымдарының 2020 жылдың 16 наурызы мен бастап 5 сәуірі аралығында каникулға шығуын қамтамасыз ету;
  • 16 наурыздан бастап колледж бен жоғары оқу орындарын қашықтықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрін қашықтықтан жүргізуге ауыстыру.

 

Жаңалықтар
0