НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Қазақстандық қор биржасында таңғы сауда өтті. Соның нәтижесі бойынша доллардың аралық бағамы 393,5 теңге көлемінде болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мұнайдың құны күрт арзандап кеткеннен кейін қазақстандық қор биржасында доллар 393,5 теңгеге сатылып жатыр. KASE-нің ақпаратына сәйкес, бұл – аралық бағам. Бүгін, сейсенбі күні сағат 15:00-де ресми бағам бекітіледі.
Осылайша, доллар 11,5 теңгеге қымбаттап отыр. 6 наурызда шетелдік валютаның бағамы 382,05 теңге болған.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық ставканы 9,25%-тен 12-ге дейін көтерді. Негізгі мақсат – ұлттық валютаның айырбастау бағамын ұстап тұру.
Теңге неге арзандады?
9 наурызда мұнай бағасы құлдырағаннан кейін Қазақстанның валюта айырбастау пунктерінде доллар күрт қымбаттап кетті. Нұр-Сұлтан мен Алматының айырбастау пунктерінде доллар бағамы 400 теңгеге дейін жетті.
AERС директоры Жаныбек Айғазин Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында дүйсенбі күні KASE биржасында сауда жүргізілмейтінін айтты. Сондықтан валюта бағамы жұрттың дүрбелеңіне байланысты қымбаттап кетті.
"Инфляциялық таргеттеуге қарамастан, ұлттық банкте бағам таргеті бар. Валюта бағамы осы шамада болады. Сондықтан дүрбелеңге бой алдырмау керек деп ойлаймын. Біз мұндай жағдайды 2014-2015 жылдары бастан кешіргенбіз", - деді экономист.
Доллар бағамының өсуі әлемде мұнай бағасының 30%-ке төмендеуімен байланысты. Бұған ОПЕК+ келісіміне қатысушы мұнай экспорттаушы елдердің 6 наурызда Венада мұнай өндірісі көлемін азайтуға байланысты ортақ шешімге келе алмағаны себеп болған. Сондай-ақ, коронавирус індетінің де кері әсері тиді.
18 наурыз күні ОПЕК техникалық комитетінің отырысы өтеді. Кездесуде елдер ортақ келісімге келеді деген болжам жасалып отыр.
Президент шұғыл кеңес өткізді
9 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің және мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен кеңес өткізді.
Кеңесте әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал және оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде мәселелер талқыланды. Президент үкіметке, ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда мұнайдың артынан бензин арзандай ма – министрдің жауабы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша премьер-министрдің тікелей басшылығымен шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленеді, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындалады.
Бірлескен мәлімдеме
9 наурызда кешке қарай Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк бірлескен мәлімдеме жасады. Оған сәйкес, сыртқы нарықта қалыптасқан ахуалға және оның Қазақстан экономикасына әсеріне тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның негізсіз өсуін, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің қымбаттауын болдырмауға ерекше назар аудармақ.
Ұлттық банк валюта нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз ету және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті валюталық интервенциялар жүргізеді. Ал қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау жөнінде шаралар қабылдайды.