НҰР-СҰЛТАН, 8 наурыз – Sputnik. Қазақстандық депутаттар 8 наурыз мерекесінде сүйікті жарларына қандай сыйлық тарту ететінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Халық қалаулылары сүйіктілеріне Халықаралық әйелдер күнінде сыйлық жасау үшін көп қиналмайтын тәрізді. Дені нәзік жандардың жақсы көретін гүл шоқтарын тарту етпек.
"Ең үлкен сыйлық, ол, әрине, гүл. Екіншісі, өзіміздің жүрегімізді сыйлау, жақсы көңіл-күйімізді сыйлау. Менің жарым кезінде менімен бірге оқыған сыныптасым, өмір бойы қасымда келе жатқан кісі. Оған енді тек 8 наурызда ғана емес, күн сайын жақсылық сыйлап келе жатырмын деп ойлаймын. Көңіл-күйім жақсы болған кездің бәрінде гүл сыйлаймын", - деді сенат депутаты Бектас Бекназаров Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Оның әріптесі Мұрат Бақтиярұлы да жылдағы әдетпен жарына гүл сыйламақшы.
"Одан кейін жақсы көретін торты бар, соны алып беремін. Қыздарыма көп жағдайда торт немесе кәмпит беремін. Жалпы, өздерінің қалағанын сатып алуға тырысамын", - деді ол.
Ал мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан 8 наурызға алатын сыйлығын дүйім жұртқа жария еткісі келмейтінін білдірді.
"Ол енді менің ішкі сырым, айтпаймын, айтуға ұяламын. Өзіне қажет нәрсесін сыйлаймын", - деді ол.
Десе де мәжілісмен үш әйеліне әртүрлі сыйлық тарту етпекші.
"Әртүрлі болады, не қалайтынына байланысты", - деп қысқа қайырды Тілеухан.
Төменгі палата депутаты Бақытбек Смағұл сыйлық бергенді аса ұната қоймайтын сыңайлы.
"Жалпы, мен оған машықтанбаймын. Ер азаматтың өзі әйелдің көңілінен шығып тұрса, үлкен сыйлық сол ғой. Бұл мерекенің мәні тек сыйлық беруде ғана емес, әйелді сыйлай білуде деп ойлаймын. Әйел затына деген құрметіміз сейілмеуге тиісті", - деді ол.
Тағы оқыңыз: Қазақ әншілері әйелдер мерекесінде қандай сыйлық жасайды
Ал оның әріптесі Нұржан Әлтаев жақындарын гүл шоқтарымен қуантпақ.
"Әйелдердің жақсы көретіні, ең алдымен, гүл шоқтары ғой. Одан кейін үйде пайдаланылатын сыйлық. Не қалайтынын алдын ала біліп алуға тырысамын, бірақ, әр әйел тосынсыйды жақсы көреді ғой. Жоспарланған сыйлықты онша қаламайтын сияқты", - дейді мәжілісмен.
Депутат тым қымбат сый алмаймын деп отыр.