НҰР-СҰЛТАН, 6 наурыз – Sputnik. Қарағандыда "Лексуспен" бес көлікті соғып, бір адамды ажал құштырған Серікбол Сәрсеновке қатысты сот басталды. Алғашқы отырыста-ақ бизнесмен тағылған айыптардың бәрін мойындады.
"Көшедегі бейнекамераларға түскен видеоларды сараптай келе, "Лексус" көлігінің жылдамдығы сағатына 117 шақырым болғаны анықталды. Ең алдымен ол "Лада" көлігін соққан. Қатты соққыдан көлікте отырған Шакуров пен Ситникова жарақат алды. Ауыр жараланған Ситникова екі аптадан соң ауруханада жан тапсырды", - дейді прокурор Нұргүл Жахина.
Сотқа марқұмның туыстарымен қатар, бүлінген бес көліктің иелері де келген. Куәгерлер де көп. Қарағандыдағы ірі диірменнің қожайыны Серікбол Сәрсенов сол күні тойдан шыққанын айтты. Мейрамханада 150 грамм арақ ішіпті. Енді келтірген шығын азаматтық сотта бөлек өндірілмек, деп хабарлады КТК.
Естеріңізге салсақ, өткен жылдың 20 қазанында Сәрсенов мінген "Лексус" жол жиегінде тұрған көліктерге соғылған. Полиция келгенде рөлден түспей қиғылық салған. Әкесіне араша түсіп полицейлерге қарсылық көрсеткен оның екі ұлы да кейін әкімшілік жазаға тартылды. Айыпталушы бұл жағдай көлікті жол полициясы қуғаннан кейін болғанын айтып отыр.
Екі аяғынан айырылды - Алматыда аялдамада тұрған әйелді көлік қағып кетті
"Мейрамханадан шыққан соң ізіме жол полициясының көлігі түсті. Көлігімді тоқтатуымды сұрады. Ішкенім бар болғасын, тоқтамадым. Республика даңғылынан солға бұрылып, аулалардың арасында адастырмақ болып қаштым. Алайда жол шетінде тұрған қара түсті "Ладаны" байқамай, соқтығыс болды. Арғы жағы есімде жоқ", - деп түсіндірді сотталушы Серікбол Сәрсенов.