Қоғам

Қазақстанда қайтыс болған адамның органын алу үшін кімнен рұқсат сұрау керек

© Sputnik / Григорий Сысоев / Медиабанкке өтуПересадка донорской почки. Архивное фото
Пересадка донорской почки. Архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министр Біртанов марқұмның жұбайы немесе жақындары қарсы болса, ол адамның органы алынбайтынын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Қайтыс болған адам тірі кезінде донор болуға келісетінін немесе келіспейтінін білдірмесе, онда оның органын алу үшін жұбайының немесе жақын туыстарының рұқсаты қажет. Мәжіліс осы норма енгізілген "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қолданыстағы заң бойынша, егер адам донор болудан бас тартатыны туралы тірі кезінде өтініш жазып қалдырып кетпесе, онда өлгеннен кейін дәрігерлер оның органдары мен тіндерін алуға құқылы. Бұл ретте жұбайының немесе жақын туыстарының пікірі ескерілмейтін. Ал енді бүгін қаралған жаңа кодекстің жобасында керісінше туыстарының рұқсатын алу нормасы енгізіліп отыр.

Оқи отырыңыз: Германия азаматы бүйрегін арзан бағаға ауыстыру үшін Шымкентке келді 

"Әр адам емханаға немесе ХҚКО-ға барып, донорлықтан бас тартатынын білдіре алады. Егер сіз бас тартсаңыз, онда потенциалды донорлардың тізіміне енгізілмейсіз. Бірақ, егер тізімде ештеңе жазылмаса, яғни адам тірі кезінде донор болуға келісетінін немесе келіспейтінін айтып кетпесе, онда туысқандарының рұқсатын сұрау керек. Егер жұбайы немесе жақындары қарсы болса, ол адамның органы алынбайды. Егер туыстары келіссе, онда бұл қайтыс болған адам көзі тірісінде донорлыққа қарсы болмағанын білдіреді", - деп түсіндірді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Адамның миы өліп, ал жүрегі мен басқа да ағза мүшелері жұмыс істеп тұрса, дәрігер оны донор ретінде пайдалану мүмкіндігін қарастырады. Дәрігер бірден республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығына хабарласып, потенциалды донор барын айтады.

"Ол адамның қан тобы, генетикалық сәйкестігі қандай екенін, кімге донор болатынын дәрігер білмейді. Ол тек хабар береді. Арнайы трансплантолог-координатор келіп, донор болуға жарай ма, жоқ па, сол айтады", - деді министр.

Біртанов өлгеннен кейін органдарын алуға рұқсат берген қазақстандықтар туралы ақпарат құпия екенін атап өтті.

Сонымен қатар, заң жобасында Қазақстаннан ағзалар мен тіндерді шығару мүмкіндігі шектеліп отыр. Тек шет елде ем алып жатқан қазақстандықтар үшін ғана шығаруға рұқсат етіледі.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Жаңалықтар
0