НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Қазақстанда 1 наурызда Алғыс айту күні аталып өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алғыс айту күні – бірлік пен достықтың жарқын мерекесі. Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. 14 қаңтарда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады. Биыл бұл мейрам елімізде бесінші рет тойланып жатыр.
"Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді", - деген болатын Назарбаев Ассамблея сессиясында.
Мерекенің басты мақсатының бірі – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту.
Алғыс айту күнінде еліміздің түкпір-түкпірінде дәстүр бойынша көптеген іс-шара ұйымдастырылады.
Тағы оқыңыз: Еліміздің танымал адамдары қазақ халқына алғыс айтты