АЛМАТЫ, 1 наурыз – Sputnik, Айгерім Таубай. Sputnik Қазақстан әнші Жазира Байырбекованың сұлулық сыры, дауыс күтімі және отбасы берекесі жайында ойын ұсынады.
Ол ойымнан айныдым
"Уақыт тапшы болғандықтан, фитнеске бармаймын. Мүмкін жалқаулығым шығар. Алматыда жеке салоным бар. Айына бір рет массаж бен бетіме маска жасату үшін барамын. 50-ге жақындағанда бетіме ботокс жасату ойымда болды. Алайда ол ойымнан айныдым. Соңғы кездері ботокс кесірінен қаншама адам ауруға шалдыққанын естіп, мүлде ине салдырмаймын деп шештім. Әрине, оған мәжбүр болмасақ екен", - дейді Байырбекова.
Оның айтуынша, әлеуметтік желі қолданушылары әншінің де барлық адам секілді жасы келгенде қартаятынын, бетіне әжім түсетінін түсінбейді.
"Әжіммен жүре беремін"
"Кез келген адам қартаяды. Ол табиғаттың заңдылығы. Ең бастысы, қартаюдан қорықпай, көңіл көтеріңкі болып жүрсе, бәрі орнымен болады. Жетпіс-сенсенге келгенде бетіміз теп-тегіс, әжім болмай тұрса, қорқынышты деп ойлаймын. Әжім деген жас келгенде болу керек. Ал біздің тыңдармандарымыз кішкене әжім түссе, "әжім түсіп кетіпті, қартайып кетіпсіз" дейді. Тыңдармандар да әншілердің адам екенін түсінуі керек. Бетіне ботокс жасаған құрбыларыма, "бетіңнің бәрі ботокс" деп жазады. Әжім түссе, қартайып кетіпсің дейді. Сонда не істеу керек? Сондықтан мен аздаған әжіммен жүре беремін, - дейді әнші.
Айтуынша, қазір қыз-келіншектерге ақыл айтудың өзі артық. Себебі әлеуметтік желі арқылы көп пайдалы ақпарат алу мүмкіндігі бар. Тек шынайы ақпаратты табу керек.
"Қазір қыз-келіншектер өздеріне жақсы күтім жасайды. Кейде ауылдардан келеді. Оны сұлулық салоныма келушілерден білемін", - дейді ол.
Жүрген жерінде айғайлап ән айта бермейді
"Дауысымды жаттықтыру үшін ешқайда бармаймын. Үйде ыңылдап жүріп ән салатыным бар. Үйімізде көп адам тұрады. Оларды әніммен шаршатқым келмейді, сондықтан үйде ешкім жоқ кезде ғана ән айтамын. Жүрген жерімнің бәрінде айғайлап ән айту деген жоқ. Таңертең тұрып жұмыртқа да жұтпаймын", - дейді әнші.
Жанболат пен Жазира бәрін бірге шешеді
Байырбекованың айтуынша, жұбайы Жанболат Ербатыров екеуі бір салады жүргендіктен, концерт пен сапарлар жайын ақылдаса отырып шешеді.
"Егер жеке әнші немесе бойдақ болсам, жоспарымды өзім жасап, жұмыс істер едім. Күйеуіммен дуэт болған соң, жұмысымыз бір болған соң ақылдасып отырамын. Кейде сол кісінің шешімімен жоспар құрамыз. Директорымыз да бар. Бәріміз бірге шешеміз. Менің жарты күнім концерт пен тойда, түсірілімде өтеді, қалған уақытта үйдемін", - дейді ол.
Туыстарымен бірге тұрады
Дауыс күтімі сөз болғанда өзінің үлкен отбасымен бірге тұратынын айтқан әншіден үйде көп адам болғанның тиімді тұстарын сұрадық. Айтуынша, ата-енесінің қолынан еншісін алып шыққан соң да студенттермен бірге тұрып келеді.
"Ата-енемнің қолынан бөлек шықсақ та, өзіміз ғана тұрған емеспіз. Пәтер жалдап тұрғанда да жанымызда студенттер болды. Бір бөлмелі пәтер сатып алған кезде де студенттермен бірге тұрдық. Біз сол өмірге үйреніп қалғанбыз. Туыстарымыз да соған үйренген. Бір туысымыздың баласы үйімізде тұрып, оқыды. Енді екіншісінің баласы келеді. Болашақта келін алып, немерелеріміз көбейіп жатса немесе өзіміз көбейіп жатсақ, сол кезде өзіміз ғана тұратын шығармыз", - деді әнші.
"Қағидамен емес, еркін өскенін қалаймыз"
Өткен жылы әнші жұп Дара есімді қыздарының дүниеге келгенін хабарлады. 23 жылдан кейін дүниеге келген кішкентайдың да күтімі жайлы сұрадық.
View this post on Instagram
"Сәбиіміздің жағдайы жақсы, күнде бір қылық шығарады. Далаға күн шығып, ауа райы жылы болып тұрған кезде шығарамыз. Көктем келіп, күн жылыған соң бассейнге апарып тұрсақ деп отырмыз. Нақты ұйықтайтын, оянатын графигі жоқ. Қатып қалған қағидамен өзіміз де өмір сүріп жүрген жоқпыз. Еркін болып өссе дейміз", - деді әнші сәбиі жайлы.
Әйел ерін, ері әйелін бар болмысымен қабылдауы керек
Әншінің айтуынша, берекелі отбасы болу үшін екі адамның бір салада қызмет етуі маңызды емес. Ол адамның түсінігіне байланысты.
"Екі адамның бір салада жүрсе де ажырасып кетіп жатқанын көріп-ақ жүрміз. Екі түрлі мамандықтың иесі де тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Отбасыдағы берекені сақтап тұру сыйластыққа, адамның түсінігіне, шыдамдылығына байланысты. Әркімнің мінезі әртүрлі. Әйел адам ер адамды, күйеуі әйелін бар болмысымен қабылдауы керек. Үйде бағыт-бағдар беріп, былай істейік, мынаны былай жасайық деп айтамын. Ол кісі келіседі не келіспейді, рұқсат етеді не қарсы болады. Әр отбасы – кіші бір мемлекет", - дейді әнші.