АЛМАТЫ, 29 ақпан – Sputnik, Айгерім Таубай. Неге театр жайында жалған ақпарат тарап жатыр? Театр қызметкерлері көтеріліп, жұмысқа шықпай қойды дегенді қайдан шығарып алды? Қашан ондай жағдай болыпты, дейді театр қайраткері, режиссер Есмұхан Обаев.
Соңғы айда театр төңірегінде азды-көпті әңгіме тарап, театр қызметкерлері министр тарапынан қысым көріп жатқанын, әкемтеатрдың директоры Сәбит Әбдіхалықовты қызметінен алып тастағалы жатыр деп дау шығарған болатын. Театр қызметкерлерінің жұмысқа шықпай жатқаны туралы да ақпарат тарады. Театрдағы жағдайды білу үшін, жоспарымен танысу үшін Sputnik тілшісі Қазақ КСР халық әртісі, 60 жыл театрда қызмет етіп келе жатқан ел ағасы Есмұхан Обаевпен әңгімелесті.
"Сәбитті ешкім жұмыстан шығарған жоқ"
"Бір БАҚ "Театр әртістері жұмысқа шықпай қойыпты" деп жазған екен. Мұндай жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа беруге болады. Әрине, сотқа директор бере алады. Театрдың директоры – Сәбит Әбдіхалықов. Ол жайлы айлап әңгіме жүріп жатыр. Көкем-ау, ол ауырып, емделіп жатыр ғой. Оны ешкім жұмыстан шығарған жоқ. Жұмысқа шықпай қалған бір адам жоқ. Қай күні кім жұмысқа шықпай қалыпты? Қай спектакль белгіленген күні қойылмай қалды? Факт жоқ", - дейді халық әртісі.
Обаев министрдің қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты жайлы да айтып өтті. Оның айтуынша, жиналғандарға министрдің өзі бәрін түсіндіріп кетті. Тарап жатқан әңгіме театрдың атына кір келтіреді.
"Министрдің өзі келді, түсіндірді. Ал директор жұмыс істеп жатыр, оны ешкім шығарған жоқ. Оны шығара да алмайды, себебі ауруханада жатыр. 26 ақпанға дейін ондай бұйрық шыққан жоқ. Шындықты неге бұрмалайды? Бұдан ешкім ештеңе таппайды, тек театрдың атына сөз келеді. Өмірде ым-дымы шықпаған, 94 жылдан бері жұмыс істеп жатқан театрға қара жауып, жеп жатыр дейді. Бір директор жеген емес.
Мәмбетовтен бастап, мен де осы жерде 15 жыл директор болған адаммын. Мұндай артық әңгіме театрға жақсы ат әкелмейді. Бұл балабақшаның әңгімесі емес, бұл – мемлекеттік академиялық театр. Фестивальдер өтіп жатыр, спектакль жүріп жатыр", - дейді Обаев.
"Театрдың тірегі - директор емес, актер"
Айтуынша, театр директорының рөл сомдай алуы маңызды емес, себебі ол – экономист әрі менеджер. Рөл сомдайтын актер бар. Ал сол актердің елге танылуы, костюмы мен репертуарына директор жауап береді.
"Ол әрбір әртістің творчествосына жауап беруі керек. Әртісті рөлмен қамтамасыз ету, жаңа режиссер шақыру – директордың міндеті. Директор театрды ұстап тұратын тұлға емес, театрды ұстап тұратын тұлға – әртіс. Әртіс бар ма, спектакль қойылады. Директор болмаса да спектакль қойылады. Директор болуы керек, ол театрдың иесі, қаражаттың иесі, әртістің костюмін кигізетін, оған репертуар таңдайтын – директор. Әртісті елге таныстыру – директордың шаруасы. Кадр, экономика, театрдың гастрольдік сапары, театрдың творчестволық өсуі, өркендеуі директорға байланысты", - деді ол.
"Кірме адамдар шу шығарып отыр"
Сондай-ақ, Сәбит Әбдіхалықовтың өнердің қазанында қайнаған азамат екенін айтып, шәкіртінің еңбек жолына шолу жасады. Театрға кездейсоқ келмегенін тілге тиек етті.
"Сәбит – актер адам, осыдан 24 жыл бұрын бітірген шәкіртім. Бұл бала өнердің бар саласында қызмет істеді: цирк, театр, ТЮЗ-да директор болды. Егер басқа жақтан түк білмейтін біреуді әкеліп қойды десе, басқа әңгіме. Ал бұл театрдың өз адамы. Жоғары дәрежелі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген атағы бар", - деді Әбдіхалықов жайлы.
Халық әртісінің айтуынша, театрдың творчестволық жағы жұмыс істеп тұр. Ал театр төңірегінде шу шығарғандар – творчестволық мүмкіндігі аз адамдар.
"Театрда апат жоқ. Ал театр жайлы артық әңгімені театрда өзін таба алмай жүрген, творчестволық мүмкіндігі аздау, театрға кірмелеу адамдар жазған. Бұл театрдың дәстүрінде ондай жоқ.
Мұнда күндіз-түні Құдайға құлшылық ететін адамдар жұмыс істейді. Бұл театр – таза. Артық ауыз сөзбен бықсытудың керегі жоқ. Театр таза ниеттің, Құдайшылықтың, ұяттың орны. Ол жерде бықсық жүре алмайды", - деді ол.
Абай және Әуезов театры
"Абайдың 125 жылдығын өткізген қазақпын. Қазір бізде бес Абай бар. Қалыбек Қуанышбаев, Мүлік Сүртібаев, Ыдырыс Ноғайбаевтан бастап бүгінгі Болат Әбділманов, Ерлан Біләл, Азамат Сатыбалдының жанры әр түрлі. Жас режиссер Айдана Аламан Абайды поэтикалық, философиялық жағынан көрсетеді. Тамызға дейін сахнаға шығарады. Мен қойған Абай 16 жылдан бері көрсетіліп келеді. Мәмбетовтің Абайы да сахнадан түсе қойған жоқ", - дейді Обаев.
Абайдың 175 жылдығына арналған қойылым кейіпкердің қара сөздері мен философиясына негізделіп жасалып жатыр. Тартысқа емес, ойға толы қойылым болмақ.
"Мен қойған Абайда оның творчестволық қыры көрінеді. Ыдырыс Ноғайбаев ойнағанда батыр Абай образы, халық үшін өр Абай, қызбалы Абай бейнесі сомдалды. Қалекейдікі (Қалыбек Қуанышбаев – Sputnik) үлкен әлем, мүсін Абай, саясаткер Абай. Ал жаңа қойылымда философиялық ой әлемі биік Абай болуы мүмкін. Жазған автор да, рөлді ойнайтын Болат Әбділманов та Абаймен ертеден таныс адамдар", - деді ол.
Сондай-ақ, режиссер "Қазақша ашылып сайрау" атты қойылым дайындап жатқанын айтты. Жаңа қойылымның көрсетілімі мамырда өтеді.