НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан — Sputnik. Қазақстан президенті цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, телекоммуникациялық инфрақұрылымды, инновациялық экожүйе мен адами капиталды дамыту, экономика салаларын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.
"Асқар Жұмағалиев мемлекет басшысына 250-ден астам тұрғыны бар елді мекеннің барлығы осы жылдың соңына дейін жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қамтамасыз етілетінін жеткізді", - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, Қазақстан президентіне қалаларды цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берілді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмағалиевке бірқатар нақты тапсырма берді.