НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан – Sputnik. Сирия үкіметінің күштері оқ атқан Идлибтегі шиеленіс аймағында түрік әскерлері болмауы тиіс еді, деп мәлім етті Ресейдің қорғаныс министрлігі.
Ведомствоның дерегінше, 27 ақпанда "Хайят Тахрир әс-Шам" лаңкестік тобы Бехун аймағында Сирия әскеріне шабуыл жасамақ болған. Сирия әскері қарап қалмай, террористерге оқ жаудырады, оның зардабы лаңкестік топ маңайында жүрген түрік әскерлеріне тиген, деп жазады РИА Новости.
"Түрік тарапының деректеріне сай, бұл аймақта түрік армиясының ешқандай бөлімшесі болған емес және болмауы да тиіс еді", - делінген министрлік хабарламасында.
"Ресейдің авиациялық аэроғарыш күштері Бехун елді мекені маңындағы қақтығыста пайдаланылмады", - деп нақтылады әскери ведомство.
Түнде Түркияның Хатай провинциясының губернаторы Рахми Доған Сирия армиясының әуе шабуылынан 33 түрік әскерінің қаза тауып, 36 адамның жараланғанын мәлімдеді. Артынша ресми Анкара Сирия әскерлерінің позицияларына жер үсті және әуе шабуылдарының басталғанын жариялады. Ал Түркияның билеуші әділет және даму партиясының өкілі Өмер Челик бұл оқиғаны НАТО-ға "шабуыл" деп атап, альянспен кеңес өткізуді ұсынды.
Идлибтегі шиеленіс
Қаңтардың соңында Сирия армиясы террористердің күн сайынғы оқ жаудыруынан азат ету үшін Идлиб пен Алеппо провинциясына шабуыл жасауды бастады. Бір айдың ішінде 600 шаршы шақырымнан астам аумақ, Маарет Нуман қаласы мен M5 тас жолы (Дамаск–Алеппо) лаңкестерден босатылды.
"Түркия Идлиб аймағындағы проблемаларды шешу бойынша негізгі міндеттемелерді орындай алмады. Атап айтқанда, үкіметпен диалогқа дайын тұрған қарулы оппозицияны лаңкестерден тазартпады", - деді Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Ал Анкарада өз міндеттемелерін орындағанын мәлімдеді.
Өткен аптада Ердоған Анкара мен Ресей келіссөзіне әлі де көңілі толмайтынын айтып, Идлибте әскери операция бастайтынын хабарлады. Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұны нашар сценарий деп атады.