НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Алматы іргесінде апатқа ұшыраған ұшақ оқиғасынан кейін Bek Air компаниясына ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын орындауға қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Елдің авиациялық әкімшілігі компанияның құжаттарды қолдан жасап, өзге ұшақтармен болған оқиғаларды жасырғаны анықталды.
Оқи отырыңыз: Ұшқыштың жаназасына келген Bek Air басшысы оғаш қылық танытты
Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, аудит ұшуды ұйымдастыру мен ұшуға жарамдылықты, мұзға қарсы процедураларды, қауіпсіздікті басқару жүйесінің талаптары мен авиациялық қауіпсіздік стандарттарын сақтауды қамтыды.
Комитет мамандарының айтуынша, әуе компаниясының сертификаттарын қолдануды тоқтатуға негіз болатын елеулі заңбұзушылықтар мен кемшіліктер анықталған.
Bek Air басқа да жазатайым оқиғаларды жасырды
Азаматтық авиация комитеті әуе компаниясы өткен жылы 25 желтоқсанда Нұр-Сұлтаннан Шымкентке бет алған Fokker-100 UP-F1017 ұшағымен болған авиациялық оқиғаның нақты себебін көрсетпеді деп мәлімдеді.
Ол кезде командир гидравликалық сұйықтықтың ағып кеткенін білген. Ал гидравликалық жүйенің істен шығуы – ұшу кезінде қанатшаларды ашуды, қону кезінде алдыңғы шассиді шығаруды, биіктікті бағындыруды, элерондарды, реверсивті және басқа да жабдықтарды басқаруды қиындатады.
Алайда гидравликалық жүйенің істен шыққанына қарамай, командир ұшуды жалғастырады. Ал Шымкент әуежайына қонғаннан кейін ол диспетчерге алдыңғы шасси тіреуін басқару тетігі істен шықты деп жалған ақпарат берген.
Ұшқыштар жалған куәліктер қолданған
Әуе компаниясы ұшқыштарға авиациялық қауіпсіздік және қауіпті жүктерді тасымалдау бойынша қайта даярлау курсынан өткендігі жөнінде ресми сертификаттар бергені туралы хабарлаған.
"Ал тексеру нәтижесі сабақ немесе пән бойынша тест тапсыру кезінде олардың еліміздің басқа аймақтарында ұшу миссиясында болғандығын көрсетті", - дейді Қазақстанның авиациялық әкімшілігі.
Сонымен қатар, Bek Air авиакомпаниясының екі ұшқышы Fokker 70/100 ұшақ типіне арналған қайта даярлау курсынан өткендігі туралы жалған куәліктер пайдаланып келген. Латвияда практикалық емтиханды тапсыра алмағандықтан оларға курсты тыңдау туралы куәлік қана берілген. Ал бұл құжат мұндай ұшақты басқаруға рұқсат алу құқығын бермейді.
"Ұшқыш лицензиясына кіруі тиіс белгі алу үшін олар уәкілетті органға курсты сәтті аяқтағандығы туралы жалған анықтама берген. Оқу орталығы бұл сертификаттардың жалған болу фактісін растады", - деп толықтырды комитет.
Қазіргі кезде авиациялық персоналдың куәлігін қайтарып алу туралы мәселе қарастырылуда.
Авиациялық қозғалтқыштар дер кезінде тексерілмеген
Bek Air компаниясы мен авиациялық қозғалтқыштар өндіруші зауыт Rolls Royce арасында өзара қолдау білдіретін келісімшарт жоқ болып шықты.
Сондықтан да, инженерлік процедуралар нұсқаулығы бұзылған кезде қозғалтқышты пайдалану деректері өндірушіге жіберілмеген. Bek Air-дің өзі де мұндай деректерді өңдемеген.
Осылайша, әуекомпания авиациялық қозғалтқыштардың жай-күйін бақыламады. Сәйкесінше олардың сенімділігі мен ұшу кезіндегі сәтсіздік қаупі туралы ешқандай мәлімет болмаған, деп хабарлады комитет.
Техникалық қызмет көрсету құжаттары да жалған
Әуекомпания уәкілетті органның келісімінсіз инженерлерге қолжетімділік санаттарын беріп келген. Сондай-ақ, олардың ұшақтарға техникалық және пайдалану жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік берген.
Мысалы, Алматы әуежайында екі авиакомпанияның Fokker-100 UP-F1014 әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету құжатын қолдан дайындағаны анықталды. Құжат бойынша техникалық қызмет көрсетілген делінгенімен, тап сол күні әуе кемелері Ауғанстанға ұшуды жүзеге асырған.
Алты айдан кейін компания сертификаттан айырылуы мүмкін
Бүгінде Bek Air компаниясының қызметін жоспардан тыс тексеру нәтижелері авиакомпанияға жіберілді. Олар он күн ішінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне барлық заң бұзушылықты жою бойынша түзету шараларының жоспарын ұсынуы керек.
Егер алты ай ішінде осы кемшіліктер түзетілмесе, оператор сертификаты мен ұшуға жарамдылық сертификаты қайтарып алынады.
Тозған шина, тамған май
Батыс инспекторлары 20 қаңтар күні Bek Air әуе кемесін тексеру кезінде шасси шиналарының тозғанын көріп, мотордан май тамып тұрғанын тіркеген. Сонымен қатар, авиациялық қозғалтқыштардың жұмыс істеу тәртібін өрескел бұзу фактілері де анықталған. Агрегаттардағы жазбаларда қондырғылардың жұмыс уақыты мен ақауларды есепке алу мүмкіндіктері жоқ екендігі байқалған.
Сондай-ақ, ұшақтың фюзеляжына және басқа бөліктеріне зақым келгені көрініс берген. Ал олардың күтіп ұсталғаны және жөнделгені туралы жалған құжаттар дайындалған. Сонымен қатар, ұшу алдында экипаж бен инженерлік қызмет Fokker ұшағын пайдалану нұсқаулығында талап етілген мұздатуға арналған қанаттарды тексермеген.
Алматы маңындағы ұшақ апаты
27 желтоқсанда Bek Air жолаушылар ұшағы Алматыдан ұшып шыққаннан кейін санаулы минуттан соң құлады. Ұшақ бетон қоршауға соғылып, екі бөлікке бөлінді. Апат салдарынан экипаж командирі мен 12 адам көз жұмды. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаның себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құруды тапсырды. 2019 жылы 28 желтоқсанда Қазақстанда ұлттық аза тұту жарияланды.
Осы оқиғадан кейін Bek Air компаниясының қызметі уақытша тоқтатылды.