НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Даулы ломбардтардың қызметін жарнамалаған Қазақстандағы танымал тұлғалардан полиция жауап алады. Бұл туралы мәжіліс кулуарында Қазақстан ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, эстрада жұлдыздары мен блогерлерден жауап алу жақын арада басталады.
Оқи отырыңыз: Халықты алдаған ломбард басшыларының қайда екені анықталды
"Жарнама туралы заңға сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Бірақ бұл жауапкершілікті де анықтау керек. Біздің шоу-бизнес, эстрада жұлдыздарымыз қылмыстық іс-әрекетті жарнамалай отырып, ақшаны алдап алу мақсатында құрылған қылмыстық ұйымдардың жұмысын жарнамалайтынын білуі тиіс", - деді Санжар Әділов.
Қазақстандағы ломбард жанжалы
Өткен аптаның соңында Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Атырау және басқа өңірлердің тұрғындары бірнеше күннен бері "Гарант 24", "Estate Ломбард" және Home Avto Invest ломбардтарына салған ақшасын қайтара алмай жатқанын айтып шағымданды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ломбардтардың қызметін қаржы пирамидасымен салыстырып, лицензиясыз банк қызметін заңсыз жүзеге асырғанын мәлімдеді.
Ломбардтар азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған, кейіннен 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төлеген, ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарықтық құнынан төмен сатқан. Бұдан басқа, аталған компаниялар өз клиенттерінен депозит ретінде ай сайынғы сомадан 30-дан 40%-ға дейін сыйақы төлеуге уәде бере отырып, салымдар қабылдаған. Барлық ақшалай қаражат бас офиске құйылатын.
22 ақпанда бірқатар өңірде "Гарант 24" ломбарды филиалдарының директорлары ұсталды. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Павлодар, Тараз және Қарағандыда ломбард директорлары қамауға алынғанын мәлімдеді.
"Ақшаларыңды қайтармаймын!"
Ломбардтар салымшыны көптеп тарту үшін қазақстандық эстрада және спорт жұлдыздарының қатысуымен кең жарнамалық науқан жүргізген. "Whats App" мессенджерінде ЖШС басшылары чат құрып, оған барлық салымшы кірген.
Осы жылдың 15 ақпанында серіктестіктердің басшылары өз қызметін бір уақытта тоқтатып, ұрланған ақшамен бой тасалаған. 19 ақпан күні "Гарант 24 Ломбард" ЖШС құрылтайшысы, 1993 жылы туған Мырзабеков Аслан Пазылжанұлы "WhatsApp" чатында салымшыларға "Мен сендердің ақшаларыңды қайтармаймын. Сенімдерің үшін рахмет! Тегін ақша әуесқойлары! Бәріңіз сау болыңыздар!" деген хабарлама қалдырған.
Сол күні әр аймақтардағы ішкі істер органдарына азаматтар жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ ақшаны заңсыз иеленуге байланысты шағым түсіре бастаған. Шетелде бой тасалап жүргендердің ішінде Мырзабеков те бар.