НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға Қытайдан бөлек, Оңтүстік Корея, Иран, Сингапур, Малайзия, Италия, Жапония және Таиландқа бармауға кеңес берді. Бұл туралы елдің бас санитарлық дәрігері, тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бекшин өткен аптада Қытаймен шекарадағы барлық кіру пунктін аралап шыққанын айтты. Өткен жұмада Қытайда коронавирус жұқтыру жағдайлары жарты процентке өссе, одан кейін 1,1% болды. Өткен тәулікте күнделікті өсу 0,28%-ті құрады, яғни ең төмен деңгейде.
Десе де денсаулық сақтау министрлігі Оңтүстік Кореяда вирустың өршуіне алаңдап отыр. Ресми деректерге сүйенсек, бұл елде 602 адам коронавирус жұқтырған, бір тәулік ішінде дертке шалдыққандар саны 168 адамға жетті.
"Сондай-ақ, біз Италия (114 адам), Жапония (132 адам, Diamond Princess круиздік лайнеріндегі жағдайды қоспағанда), Сингапур (89), Иран (49), Таиланд (35), Малайзия (22) елдеріндегі жағдайға да назар аударуды сұраймыз. Осы елдерге бармауды өтінеміз", - деді Бекшин.
Бас санитарлық дәрігер бұл елдерде жағдай тұрақталғанша, жоспарланған сапарды кейінге қалдыруға кеңес берді.
Қытайдағы коронавирус
2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Хубэй провинциясының Ухань қаласында белгісіз пневмония таралып жатқаны туралы хабарлады. Сарапшылар індеттің қоздырғышын анықтады – 2019-nCoV коронавирусы.
Тағы оқыңыз: Қазақ дәрігер Қытайда "Қара жорға" билеп, науқастардың көңілін көтерді - видео
Соңғы дерек бойынша, Қытайда вирус жұқтырғандар саны 77 мыңнан асқан, 2 592 адам көз жұмды, 24,7 мыңнан астамы емделіп шықты. ДДСҰ ақпаратынша, Қытайдан басқа әлемнің 28 елінде 1 769 адамның коронавируске шалдыққаны анықталған. Олардың 17-і қаза болды.
24 ақпанда Бахрейнде бір адам, Кувейтте үш адам вирус жұқтырғаны хабарланды.