НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Елордадағы көпсалалы медициналық орталық директорының орынбасары Бақтыбай Оразбеков қатерлі ісіктің алғашқы белгілері қандай болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, қатерлі ісік ерте I-II сатысында анықталса, науқастың дерттен айығып кету мүмкіндігі жоғары. Ал, қазақстандықтар, өкінішке қарай, ауру әбден асқынған кезде, ісіктің III және IV сатысында бір-ақ қаралады.
"Бастапқы кезеңде, яғни өсіп үлкейгенге дейін рак ауыртпайды. Тіпті сезілмейді де. Адамдардың кеш қалатыны да сондықтан. Қатерлі ісікті дер кезінде анықтау үшін ара-тұра скринингтен өтіп тұру керек. Ісікті ерте кезінде емдеп шығу бізге де жеңіл, адамның өзіне де жақсы", - дейді Оразбеков.
Осы орайда онколог рактың алғашқы белгілерін атады.
- Өңештің қатерлі ісігі: жұтынған кезде тамағы ауырады.
- Асқазан ісігі: бірден салмақ тастайды, үнемі іші ауырып, лоқсиды.
- Ми ісігі: басы жиі ауырады, аяқ-қолы ұйып, өзін нашар сезінеді. Ісік өскен сайын көзінің көру қабілеті нашарлайды, аяқ-қолы тырысып қалады.
- Өкпе ісігі: дауыстың қарлығуы, созылмалы құрғақ жөтел, ентігу, қызуы көтеріледі, үнемі шаршап жүреді.
- Рактың тағы бір алғашқы белгісі – теріде немесе кеуде тұсында үлкен без пайда болып, жараға айналуы.
"Егер осы белгілер сізді мазаласа, уақыт жоғалтпай, ауруханаға баруға кеңес беремін. Негізі, аурудың алғашқы белгілері әр ағзада әртүрлі байқалады. Жалпы әлемде, соның ішінде Қазақстанда 50 мен 70 жас аралығындағы азаматтар обырға жиі шалдығады. Бақытымызға орай, жастар арасында аз кездеседі", - дейді елордалық дәрігер.
Қатерлі ісік қайдан келеді?
Онкологтың сөзіне сенсек, қатерлі ісік темекі, арақ-шараптың кесірінен жүре пайда болады. Кей жағдайларда тұқым қуалауы мүмкін. Тағы бір себебі салауатты өмір салтын ұстанбауда жатыр.
"Жатыр мойны ісігі, асқазан обыры, сүт безі ісігі – осының 30-40 проценті темекіден. Мәселен, өкпе ісігіне әйелдерге қарағанда ерлер жиі шалдығады. Себебі шылым шегетіндер, негізінен, еркектер ғой. Бірақ, өкінішке қарай, соңғы кезде темекі тартатын қыз-келіншектер көбейіп кетті. Сондықтан, жиырма жылдан кейін обырдың осы түрімен ауыратын әйелдер саны ер адамдарға жетіп қалатын шығар деп ойлаймын", - деп алаңдады Оразбеков.
Тағы оқыңыз: Адамның туған күні мен қауіпті аурудың күтпеген байланысы анықталды
Бұдан бөлек, ақхалатты арақтың зиянына да тоқталды. Айтуынша, ащы су адамның иммундық жүйесін әлсіретеді, бауырды улайды.
Аты жаман аурудың пайда болу себептерінің тағы бірі – күйзеліс.
"Адам үнемі қамығып, күйзелісте жүрсе, иммунитеті төмендейді. Ал егер иммунды жүйе бұзылса, оның соңы жақсылыққа апармайды, әртүрлі ауруға әкеп соғады. Оның ішінде рак та бар", - деп сақтандырды онколог.
Денедегі қал қатерлі ме?
Оразбековтің айтуынша, адам денесіндегі қал денсаулыққа еш зиянын тигізбейді. Алайда оның кейбір түрлеріне назар аудару қажет.
"Меланома деген өте агрессивті ауру. Күннің астында көп қыздырынған кезде, денедегі пигменттер "қатерлі" болып кетуі мүмкін. Қалдың түсі, пішіні, көлемі өзгереді. Теріге жайылып кетеді", - деп түсіндірді ол.
Тағы оқыңыз: Ғалымдар өмірді 10 жылға ұзартудың амалын тапты
Астаналық дәрігер денедегі қара дақтар мазаласа, білікті онкологке қаралып, оны асқынбай тұрғанда алып тастауға кеңес берді.