НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Ақтауда мессенджер арқылы қызға тіл тигізген тұрғынға айыппұл салынды, деп хабарлады Лада.
Сот анықтағандай, ер адам WhatsApp мессенджері арқылы жәбірленушінің ар-намысына тиетін сөздер айтқан.
Ақтау әкімшілік соты оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бірінші бөлігі бойынша (Ұсақ бұзақылық) кінәлі деп танып, оған бес айлық есептік көрсеткіш (13 255 теңге немесе 35 доллар) көлемінде айыппұл салуға үкім шығарды.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында Whatsapp арқылы елді дүрліктірген әйел ұсталды
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың мамыр айында Алматы тұрғыны ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Бұрын адам тонағаны үшін сотталған жиырма тоғыз жастағы жігіт әнші Дильназ Ахмадиеваның Instagram парақшасында ұлттық және діни алауыздықты қоздыруға бағытталған пікір қалдырған.
Әнші полицияға арыз жазып, нәтижесінде сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Сарапшылар ер адамның әртіске тіл тигізгенін анықтады. Ол кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады.