НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан – Sputnik. Ақтөбе облысының Хромтау қаласында атыс кезінде бес адам жараланды. Оқ атқандар ұсталды, оларға адам өлтіруге оқталды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, атыс 20 ақпан, бейсенбіде болған.
"22:10-да Хромтау ауруханасына оқ жарақатын алған бес адам түсті. Тез арада жедел тергеу тобы құрылды. Бір тәулік ішінде үш күдікті ұсталды, олар кінәсін мойындады", - деп мәлімдеді ІІМ-нен.
Қылмыс жасағаннан кейін күдіктілер 16 калибрлі екі аңшы мылтығын Бөгетсай ауылының маңындағы Ор өзенінің көпірінің астына жасырған.
Қазір үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тағы оқыңыз: Сыбайластары болуы мүмкін: ІІМ қару ұрлаған сарбаз ісіне қатысты ақпарат берді
Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Екі мылтық пен ресейлік нөмірлі "ВАЗ-2114" автокөлігі тәркіленді. Қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр.
Sputnik Қазақстан тілшісі атыс себебін білу үшін Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласты. Алайда істің мән-жайы тергеу мүддесіне байланысты жария етілмей отыр.