НҰР-СҰЛТАН, 21 ақпан – Sputnik. Қазақстанның бас прокуратурасы қашқын банкир Мұхтар Әблязовке қатысты мәлімдеме жасап, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.
"Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысы - экстремистік ұйым. Оны кім басқаратынын көпшілік біле бермейді. Жетекшісі - Мұхтар Әблязов. Оның арбауына түскен кейбір азаматтар, өкінішке қарай, оған зор сенім артады", - деді бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Петерс брифингте.
Ол әрі қарай Әблязовтің қылмыстарын еске салды. Энергетика министрі кезінде жемқорлық жасағаны үшін 2002 жылы 6 жылға бас бостандығынан айырылған. 2005 жылы өзінің бизнес-серіктесі, БТА банктің төрағасы Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны ашық сотта дәлелденгенін айтып өтті.
"Қылмыстары әшкереленген соң ол 2009 жылы Ресейде, кейін Англияда, 2012 жылы Францияда бас сауғалады. Шетелде жайлы өмір сүру үшін алдын-ала қаражатты оффшор арқылы елден шығарып алған", - деді Петерс.
Айтуынша, Әблязовтің алаяқтық әрекеттерінен қазақстандықтар ғана емес, француздар, немістер, америкалықтар да зардап шегуде.
Сөз соңында Бас прокуратураның ресми өкілі Қазақстан азаматтарын арандатушылыққа бой алдырмауға, заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырды.
"Бүгінде Әблязов халық мүддесін желеу етіп, жалған ұранмен азаматтарды заңсыз акцияларға үгіттеуін жалғастырып келеді. Ол сіздерді қоғамда әлеуметтік алауыздық және ұлтаралық қақтығысты тудыру үшін пайдалануда. Оған бір-бірімізге деген сенімімізді жоғалтқанымыз тиімді. Әблязовтің көксегені - еліміздің тыныштығы, азаматтарымыздың амандығы емес, жеке басының мүддесі, мансабы. Ол қылмыстық жауаптылықтан құтылуды көздейді", - делінген үндеуде.