НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан – Sputnik. Қытаймен шекаралас Достық стансасында коронавирус жұқтырды деген күдікке ілінген адамды анықтауға бағытталған оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз қызметі.
Сценарий бойынша, Алматы – Достық бағытындағы №13/14 жолаушылар пойызында вирустық инфекцияның белгілері байқалған жолаушы болған.
Жоғары температура, жөтел, ентігу, жоғарғы тыныс алу жолдарының ауырсынуы секілді негізгі клиникалық белгілер анықталып, эпидемиологиялық анамнезі есепке алынып, оған белгісіз этиологияның пневмониясы деген алдын ала диагноз қойылды.
"Тез арада барлық қызметке хабар беріліп, күзет қойылды. Вагонды санитарлық тұйыққа шығару үшін жолаушылар вагоны ағытылды. Дезинфекция бригадасы пойыз бен вирус "жұқтырған" адам отырған вагонды дәрімен өңдеді", - делінген хабарламада.
Қорғаныс костюмдерін киген мамандар эпидемиологиялық тексеріс жүргізді. Оқу-жаттығу кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету, биоматериалды зерттеуге алу, Достық стансасының ауруханасына ауру адамды жеткізу мен эвакуациялау барысы пысықталды.
Бұдан бөлек, эпидемиологтар науқастың қанша адаммен байланыста болғанын анықтады.
Достық стансасындағы оқу-жаттығулар ұйымдасқан түрде өтті. Өйткені теміржолшылар жыл сайын эпидемиологиялық, шекаралық және карантиндік қызметтермен бірлесіп осындай шараларды пысықтайды, деп атап өтті ҚТЖ-дан.