НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында 29 жастағы полицей өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан өңірдің полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қайғылы хабар сейсенбі күні өңірдің әлеуметтік желілерінде тарады. Онда марқұмның әріптесі полицейдің өз-өзіне қол салғанын және басшылығымен арада келіспеушіліктер болғанын айтты.
Полицейдің өз-өзіне қол жұмсағанын полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
"15 ақпанда Петропавлда Смирново аудан орталығының тұрғыны жалдамалы пәтерде өз-өзіне қол салды. Өзіндік қауіпсіздік басқармасы Аққайың аудандық полиция бөлімі қызметкерінің өліміне қатысты қызметтік тексеріс бастады," – деді полициядан.
Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың жеке бақылауында.
Тағы оқыңыз: Тоғызыншы сынып оқушысы 50 жастағы адамға тұрмысқа шықпау үшін өзіне қол салды
Қылмыстық кодекстің 105-бабы "Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Бапқа сәйкес, егер кінәлілер анықталса, олар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.