НҰР-СҰЛТАН, 14 ақпан — Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі күндік жұмыс сапарымен Мюнхенге барды. Видеоны мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли жариялады.
Мемлекет басшысы қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясы мен панельдік пікірталастарға қатысады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, әлемдік лидерлер, халықаралық ұйым жетекшілері, ірі неміс компаниялары және халықаралық қатынас саласындағы белгілі сарапшылармен екіжақты кездесу өткізетін болады.
"Конференцияда Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікірталасқа қатысып, "Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме" тақырыбында сөз сөйлейді", - деді Берік Уәли.
Мюнхен конференциясы
Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының күн тәртібінде әлемдік дамудың және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қарастырылады. Конференцияға қатысушылар сауда соғыстары мен санкциялар проблемаларын, Таяу Шығыстағы ахуалды, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, Ресеймен, Қытаймен және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастарды, Еуропадағы қауіпсіздіктің сын-қатерлерін, Еуропалық одақ пен НАТО-ның келешегін, сондай-ақ, киберқауіпсіздік пен денсаулық сақтау салаларындағы қазіргі заманның қауіп-қатерлерін, жалған ақпаратпен күрес және басқа да мәселелерді талқылайды.