НҰР-СҰЛТАН, 14 ақпан – Sputnik. Қытайлық дәрігерлер коронавирус жұқтырған адамдарды емдеудің жаңа әдісін тапты.
Дәрігерлер COVID-19 коронавирусымен ауырған адамдарға плазма құю әдісін қолдана бастады. Мамандар түсіндіргендей, ауруды жеңген кейбір адамдардың плазмасында коронавируспен күресуге көмектесетін қарсы денелер (антитела) табылған.
Оқи отырыңыз: Коронавирус таралған кемеде 4 қазақстандық бар екені анықталды
Синьхуа агенттігінің жергілікті дәрігерлерге сілтеме жасап хабарлауынша, әдіс тиімді болып шықты. Бұл туралы Ухань ауруханасының басшысы Чжан Динюй баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Жаңа әдістің көмегімен хәл үстінде жатқан он науқас емделіп үлгерді, деп жазады Global Times.
Коронавирустың таралуы
2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Хубэй провинциясының Ухань қаласында белгісіз пневмония таралып жатқаны туралы хабарлады. Сарапшылар індеттің қоздырғышын анықтады – 2019-nCoV коронавирусы.
13 ақпандағы мәлімет бойынша коронавирустан 1 369 адам өлді, оның 1310-ы Хубэй провинциясында, қалғаны Қытайдың әр аймағында көз жұмған. Сондай-ақ Гонконгта бір, Филиппинде бір адам қаза болды.
Жазылып кеткендердің саны 6 017-ге жетті, оның 3441 –Хубэй провинциясының тұрғындары.