Видеоны қазақ дәрігерінің досы және әріптесі жолдады. Айтуынша, көңілді видео коронавирус індеті тараған Ухань қаласының Фан Цан ауруханасында түсірілген.
Аурухана дәлізінің қақ ортасында "Қара жорға" биін билеген дәрігердің есімі – Бахаргүл Бүдәш. 35 жастағы қандасымыз сегіз жылдан астам хирург болып жұмыс істейді.
"Өте мықты дәрігер-хирург. Қытай әр аймақтан білікті дәрігерлерді жинап, Уханьдағы ауруханаларға жіберген. Арасында осы кісі де бар", - деді видеоны жолдаған досы Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Айтуынша, ақ халаттылар аурудан қажып, ұнжырғасы түскен пациенттердің көңіл-күйін көтермек болған. Осылайша, әр ұлттың ән-биін қойып, шағын концерт ұйымдастырған.
Он шақты ұлт өкілі би билепті. Қазақтың атынан Бахаргүл Бүдәш шығып, "Қара жорға" билеген.
Қытайдан қанша қазақстандық қайтты
Қытайды жайлаған індеттен кейін Қазақстан бұл елмен жолаушылар тасымалының барлық түрін тоқтатты.
1 ақпанда коронавирус ошағы Ухань қаласынан 83 қазақстандық санавиациямен елге қайтарылды. Олар он төрт күнге елордадағы ауруханалардың бірінде карантинге жабылды. Келгендер арасында коронавирус тіркелген жоқ.
Араға он күн салып тағы 217 отандасымыз Нұр-Сұлтанға жеткізілді.
12 ақпан күні кешке "Эйр Астана" ұшағы тағы да Қытайға ұшып шығады. Бұл жолы 155 қазақстандық елге оралады. Барлығы Алматы қаласында карантинге жатқызылады.
Қытайдағы коронавирус
Әлемді дүрліктірген індет Қытайдың Ухань қаласында өткен жылдың соңында тарай бастады. Вирус Қытайдың басқа өңірлеріне, кейін өзге елдерге де жылдам тарап кетті.
12 ақпандағы мәлімет бойынша Қытайдан коронавирустан 1 113 адам көз жұмған, жұқтырғандар саны 44,6 мың адамға жетті, тек 4 740- і емделіп шыққан.