Оқиға

"Бәрі қорқып қалған": Мектеп директоры қазір Масанчиде не болып жатқанын айтты  

© Sputnik / Тимур БатыршинВъезд в село Масанчи
Въезд в село Масанчи - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жамбыл облысының Масанчи елді мекеніндегі мектептер бала санының азаюына байланысты бір ауысымға көшкен

НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Қордай ауданындағы қақтығыстан кейін Масанчи елді мекеніндегі мектептер қаңырап бос тұр. Себебі ауыл тұрғындары балаларын жіберуге қорқады.

Ал өңір басшылары қазір жағдай тұрақтанды, жұмыстар жүйелі деп жұртты сендірді. Оқиға болған жердегі білім ошақтарын "Астана" арнасының тілшілері аралап қайтты.

Масанчи елді мекенінде 19 мыңға жуық адам тұрады. 3 мектеп, 2 балабақша бар. Қайғылы жағдайдан соң қара халық қатты қорқып қалған. Оның үстіне киетін киім жоқ дейді.

"4 балам 50-ші мектепте оқиды, 2 балам жоғарыдағы қазақ мектебінде оқиды. Бірақ ешқайсысын сабаққа жіберген жоқпын. Себебі, балалардың үстіне киетін ештеңкесі жоқ. Үймен кетті бәрі. Енді жағдайдың қалыпқа түсуін күтіп отырмыз", - дейді ауыл тұрғындарының бірі.

"Қазір балаларым сабаққа барып жатқан жоқ. Себебі қырғыз республикасына апарып тастағанмын, әлі үйге әкелмедім. Әрі бұл жердегі жағдай бір қалыпқа түскен жоқ".

Жоғарыда айтылған білім ошақтарының бірінің басшысы сұқбат беруден бас тартты. Ал мектеп іші қаңырап бос тұр. Тек нөмірі 12-ші орта мектепте бірен-саран оқушы жүр. Барлық мектеп бір ауысымға көшіп кетіпті.

"Неге бір ауысымға көштіңіздер дейсіз бе? Өйткені кешегі оқиғадан кейін балалардың көбісі Қырғызстанға өтіп кеткен болатын. Бала санының өзгеруіне байланысты бүгін бір ауысымда оқыдық, ертең де бір ауысымда оқып қаламыз. Өткендегіден кейін бәрі қорқып қалған. Ата-аналар балаларды мектепке өздері әкеліп, өздері алып кетіп жатыр", - деп түсіндірді мектеп директоры Төлеген Ембердиев.

Масанчи әлі күштік құрылымдардың жіті бақылауында. Оны көшенің бұрыш-бұрышында тұрған ұлттық ұлан сарбаздарынан байқауға болады. Қанша бақылуда болса да тұрғындардың қорқынышы басылмаған. Ал білім бөліміндегі мамандар үй-үйге кіріп, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын бастапты.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болды. Салдарынан 8 адам қаза болды. Кейін ауруханада тағы екі адам көз жұмды. Бес полицей жарақат алып, үшеуіне оқ тиді.

8 ақпанда Қордай ауданында төтенше жағдай режимі енгізілді.  

Оқи отырыңыз: Тоқаев Қордайдағы қақтығыс кімнің кесірінен болғанын айтты

Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.

Лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды

Мемлекет басшысы Жамбыл облысының Қордай ауданындағы кісі өліміне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімі Асқар Мырзахметовті қызметінен алып, оның орнына Бердібек Сапарбаевты тағайындады. Өңір басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекова мен Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле де жұмысына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатылды.

Сонымен қатар президент ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбековті қызметінен алуды тапсырды. 

Жаңалықтар
0