НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Елорда басшысы Алтай Көлгінов аудан әкімінің пара алу фактісінен кейін отставкаға кету туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін халыққа есеп беру кезінде журналистер ашық микрофон алып, Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есіловтің ұсталуына байланысты сұрақ қойды. Осы орайда тілшілер қала басшысының отставкаға кетуге қатысты ойын сұрады.
"Бәрі заң бойынша болады. Заң не дейді, солай жасаймыз", - деп қысқа ғана қайырды Көлгінов. Сосын бірден басқа микрофонда тұрған адамдарға сөз берді.
Айта кетейік, халыққа есеп беру кезінде залда Асқар Есіловтің әкесі Сансызбай Есілов те отырды. Ол бұрын әкімнің орынбасары болған. Одан кейін мәслихат пен қоғамдық кеңестің төрағасы қызметін атқарды.
Есілов не үшін ұсталды
Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Байқоңыр" ауданы әкімінің пара алу фактісін анықтағанын мәлімдеді. Оған жекеменшік компания өкілінен "Байқоңыр" ауданын абаттандыру бойынша субмердігерлік жұмыстарды алуға жәрдемдескені үшін пара түрінде iPhone-ның соңғы үлгісін алды деген айып тағылды.
Сондай-ақ, экс-әкім қызмет бабын асыра пайдаланып, жалпы қамқорлық жасады деген күдікке ілінді. Ол өз кінәсін толығымен мойындады. Сол себепті қамауға алынған жоқ. Күдіктілер тергеуді жеделдетілген тәртіпте аяқтауды сұрады.
Бүгінде қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша іс қозғалды. Оған сәйкес, шенеуніктің алған парасына қарай 20-80 еселенген сома көлемінде айыппұл салынады, я болмаса, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Есілов туралы не білеміз
Асқар Есілов әкім қызметіне 2019 жылы сәуір айында тағайындалды. Оның кандидатурасын мәслихат депутаттарына астананың сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтанов таныстырған болатын. Депутаттар аудан әкімінің кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Тағы оқыңыз: Елорда әкімі биыл қанша қолжетімді баспана салынатынын айтты
Асқар Есілов 1979 жылы бұрынғы Целиноград қаласында дүниеге келген. Ресейдің Урал заң академиясында білім алған. Одан кейін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дипломатиялық академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1998 жылы Астана қаласының қаржы департаментінде заңгер болып бастады. 2014 жылы "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ корпоративті басқару департаментінің директоры, ал екі жылдан кейін елорданың Алматы ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 2019 жылдан бастап Байқоңыр ауданының әкімі қызметін атқарды.