Қоғам

Бүркіт Қордайдағы қақтығыстан кейін қамауға алынғандарды босатуды талап етті

© Photo : әлеуметтік желіден алындыБүркіт пен Аиша үшінші сәбиін күтіп жүр
Бүркіт пен Аиша үшінші сәбиін күтіп жүр - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әншінің айтуынша, жаман халық жоқ, тек жаман ниетті адамдар бар. Сондықтан барлығы заңның аясында шешілуі тиіс

АЛМАТЫ, 11 ақпан – Sputnik. Қазақстандық танымал әнші Бүркіт Қордайдағы оқиғаға байланысты пікір білдірді. Әнші қамауға алынған отандастарының босатылуын талап етіп, қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты.

"Жаңалықтардан Жамбыл облысындағы Қордайдың маңындағы болған оқиғаны көріп, жаным шығып кетті. "Бисмилляһ" дедім ішімнен. Қанша адам қайтыс болып кетті. Қаншама көлік жанып, қаншама дүкен-офис қирап кетті. Ең бастысы, адамның өміріне қауіп төнді. Осының бәрі неден? Бұның бәрі тұрмыстық жанжалдан шығып отыр", - деп жазды әнші Instagram-парақшасында.

Оның айтуынша, ел арасында жаман халық жоқ, тек жаман ниетті адамдар бар. Сол себепті барлығы заңның аясында шешілуі тиіс деген әнші кешірімді болуға шақырды.

"3-4 адамның бір-бірімен келіспеушілігінен пайда болған жанжал. Бірін-бірі жығып, сүйегін сындырғаны үшін. Неге?! Түсінбеймін мен! Неге бәрі атысып, көше-көшемен, ауыл-ауылмен қырылысып кетуі керек?! Басқаның ісі үшін біреу жауап бермейді ғой. Жаман халық жоқ! Жаман ниетті адамдар бар! Ондайлар кез келген халықта бар. Кешірімді болыңдар, бауырлар. Барлығы заңмен шешілсін", - деп басу айтты Бүркіт.

Сондай-ақ, қақтығыс кезінде қамауға алынған азаматтардың босатылуын талап етті.

"Құр босқа сотталып кетпесін мына қамауға алынған бауырлар. Босатылсын! Олар – елім, өз ауылым, өз жерім деп жаны ашыған жігіттер!", - деді ол.

© Sputnik / Тимур БатыршинҚақтығыстан кейінгі Масанчи ауылы
Бүркіт Қордайдағы қақтығыстан кейін қамауға алынғандарды босатуды талап етті - Sputnik Қазақстан
Қақтығыстан кейінгі Масанчи ауылы

"Қайтыс болған бауырларымның жақындарына , туған-туыстарына көңіл айтамыз. Бірлік – біздің күшіміз. Сабыр! Баршаңыздың отбасыңызға амандық тілеймін!", - деп жазды әнші.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда Қордай ауданы Масанчи ауылында төбелес болып, соңы кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне алып келді. Салдарынан 10 адам қаза болды. Сегіз адам оқиға орнында көз жұмды, екі азамат ауруханада жан тапсырды. Тәртіпсіздік кезінде бес полиция қызметкері жарақат алып, үшеуіне оқ тиді.

8 ақпанда Қордай ауданында төтенше жағдай режимі енгізілді.

Соңғы мәлімет бойынша, 41 адам ауруханада жатыр. Оның тоғызы жансақтау бөлімінде.

Шенеуніктер қызметінен кетті

Мемлекет басшысының жарлығымен Асқар Мырзахметов Жамбыл облысы әкімі қызметінен кетіп, Бердібек Сапарбаев облыс әкімі қызметіне тағайындалды.

Тоқаев Қордай ауданында оқиғаға байланысты Жамбыл облысы әкімінің орынбасары мен Қордай ауданының әкімін жұмысына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды.

Сонымен қатар Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы мен Қордай аудандық полиция бөлімінің басшысын қызметінен алынады.

Жаңалықтар
0