АЛМАТЫ, 10 ақпан – Sputnik. Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған үкімет комиссиясы Қордай ауданындағы қақтығыс кезінде қаза тапқан Дархан Әбдірахымның Әлжан ана ауылындағы отбасына барды.
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ел басшылығының атынан марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлады үкімет басшысының ресми сайты.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан біз шын қайғырып көңіл айтамыз. Берік болыңыздар. Отбасы үшін қиын күндерде берік болу керек", - деді Сапарбаев.
Вице-премьер Дарханның өліміне кінәлілер анықталып, заң бойынша жазаланатынын жеткізді.
"Біз кінәлілерді анықтаймыз, олар заң бойынша жазаланады. Үш күннен бері осында жүрміз. Құқық қорғау органдарына тапсырма берілді. Олар тексеру жүргізіп жатыр. Барлығын табамыз. Одан кейін барлығын жазалаймыз. Адам өлтіргендер жазасын алуы керек. Қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз", - деді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар ол қаза тапқан азаматтың отбасына мемлекеттік қолдау көрсетілетінін, барлық қажетті көмек берілетінін айтты.
Бұған дейін ішкі істер министрлігі тағы бір адам - 25 жастағы Дархан Әдбірахымның Қордай ауданындағы оқиға кезінде көз жұмғанын растаған еді.
Қордайдағы қақтығыс
7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Салдарынан 8 адам қаза болды. Кейін ауруханада тағы екі адам көз жұмды. Жүздеген адам жарақат алды. Қырғызстан жаққа өтіп, емделіп жатқандар да бар. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бес полицей жарақат алып, үшеуіне оқ тиді.
8 ақпанда Қордай ауданында төтенше жағдай режимі енгізілді.
Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.