Қоғам

Қарақат Әбілдина желідегі шулы жазбасы жайлы: "Дүнгендерді жақтамадым"

© Photo : Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметіҚарақат Әбілдина
Қарақат Әбілдина - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әнші дүнгендерге қатысты шулы жазбасын неліктен өшіріп тастағанын мәлімдеді. Айтуынша, ашулы халық сөзін әртүрлі қабылдап жатыр

АЛМАТЫ, 10 ақпан – Sputnik. Әнші Қарақат Әбілдина Жамбыл облысындағы қақтығысқа қатысты пікірін Instagram желідегі парақшасында жазған болатын. Алайда біраз уақыт өткен соң әнші желіде қызу талқыға түскен жазбасын өшіріп тастады.

Әнші ұлттың жаманы болмайтынын айтып, елді сабырға шақырған болатын. Өз сөзінде дүнген ұлтын "момын, жуас, жанашыр" деп жазды.

"Айдың-күннің аманында әлімжеттік көрген әлсіз қарияға араша түсу – ардың ісі, азаматтың борышы, ұлттың намысы. Мұндайда жұмылған жұдырықтай бірігіп, елдігімізді танытқан ағайынға алғыстан басқа айтар жоқ. "Неге өйттің?" – деп айып тағуға болмайды еш. Десе де, ғасырлар бойы бір нанды бөліп жескен дүнген бауырлардан дүрбелең шықпаған еді ғой. Болмысынан момын, жуас, жанашыр ұлт", - деп жазған еді әнші.

Қарақаттың екі ұшты ой қалдырған жазбасының мәнін сұрау үшін Sputnik Қазақстан тілшісі әншіге хабарласты. Оның айтуынша, халық жазған сөзін әртүрлі қабылдап жатыр. Алайда біреуді жақтау, біреуді даттау ойында жоқ.

"Мен жазбамда дүнгенді жақтап жазған жоқпын. Бала тәрбиелеп отырған ана ретінде елдегі тыныштықты сақтап, берекені қашырмасақ деген оймен жаздым. Бізге, біздің балаларымызға соғыстың керегі жоқ. Елдің тыныштығын ойладым. Алайда ашулы халық оны әртүрлі қабылдап жатыр. Мен оған ештеңе айта алмаймын. Тек жағдайдың ушығып кетпеуін қаладым. Беретінін берді, алатынын алды. Қазақтар өзінің бар екенін, ел екенін көрсетті. Әрі қарай ушықтырмайық. Осыдан кейін өздері де кішкене тартынады. Біраз адамға ой салатындай-ақ кісі өлімі болды. Ал әлеуметтік желіден жазбамды өшірудің айтарлықтай себебі де жоқ. Өшіргім келген соң өшірдім", - деді әнші Sputnik тілшісіне.

Әнші дүнген ұлтында ешқандай танысы да, жақыны да жоқ екенін айтты. Сондай-ақ, оқиға оң шешімін табатынына сенім білдірді.

"Қазір мәселе бір жағына шықты деп ойлаймын. Билік басындағылар жиын құрып, шешімін тауып жатыр. Не де болса біз халықпен біргеміз. Халықтың тыныштығы кетпесін дедім. Дүнгендерді жақтап тұрған жоқпын, олармен ешқашан қарым-қатынас жасаған емеспін, ол ұлттан танысым да жоқ. Президенттің бастамасымен мемлекеттік деңгейде бұл мәселені шешіп жатыр. Бір оң шешімі болатынына сенімдімін, - деді әнші.

Әншінің айтуынша, қақтығыс салдарынан елдің экономикасына да зиян тиеді. Қираған, сынған дүниенің бәрі қазақтың қаражатына жасалады. Қаражаттан бұрын адамның денсаулығы, қауіпсіздігі маңызды.

"Мен елімнің, бала-шағамның тыныштығын ойладым. Ал әншілердің елді сабырға шақыруда желідегі жазбаларының рөлі қандай екенін білмеймін. Жазу керек болған соң жаздық. Дүнгендерді жақтап жатыр деп қабылдап қалуы да мүмкін. Ешкімді жақтамаймын да, ақтамаймын да. Дүнген ұлтынан досым да, қасым да болған жоқ, - деді әнші.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Салдарынан 8 адам қаза болды. Кейін ауруханада тағы екі адам көз жұмды. Жүздеген адам жарақат алды. Қырғызстан жаққа өтіп, емделіп жатқандар да бар. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бес полицей жарақат алып, үшеуіне оқ тиді.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Қордайдағы қақтығыс кімнің кесірінен болғанын айтты 

8 ақпанда Қордай ауданында төтенше жағдай режимі енгізілді.

Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.

Лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды

Мемлекет басшысы Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды.

Сонымен қатар президент ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбековті қызметінен алуды тапсырды.

Жаңалықтар
0