НҰР-СҰЛТАН, 9 ақпан – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Қордайдағы жаппай төбелестің неден басталғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Негізі, бәріне 5 ақпандағы оқиға түрткі болған. Екі ауылдың тұрғындары арасында кикілжің туындады. Ол күні Масанчиде үш адам мінген көлік жолмен келе жатқан, тағы үшеуі жүк көлігімен ауладан шығып жатса керек. Сөйтіп, біреуі екіншісіне жол бермей, жанжал туындаған. Әдеттегідей, сөзден басталған кикілжің төбелеске ұласып кетті", - деді Калайчиди журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, сол күні полиция келіп, кінәлі адамдарды анықтады. Біреуі қамауға алынса, екеуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Жанжалға қатысқандардың ішінде жасы үлкен ер адам да болды. Оның сан сүйегі сынған. Дәл осы кикілжіңнің видеосы маңайдағы ауыл тұрғындары арасында тарап кеткен. Видеоны таратқандардың пікірлері де тым қатты болды.
"Ол жақта әрбір ауылдың өз чаттары бар. Видео сол чаттарда таралып кеткен ғой. Егде жастағы адамның соққыға жығылғаны, сосын арандатушылардың теріс пікірлері бар. Осының бәрі екі күн бойы чаттарда жинала берген, жинала берген. Ал чаттарда қызу қанды жастар көп қой. Ауылдар да бір-біріне жақын орналасқан. Сөйтіп, жұма күні кешке қарай бәрі жұмыстан келгесін жиналып, Масанчиге шығып кеткен", - деп атап көрсетті Калайчиди Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Қордайдағы оқиға
7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне "Қордай ауданының Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр" деген ақпарат түскен. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберіледі. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуеметтік желі арқылы таратқан.
Соның салдарынан жақын жердегі Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарынан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылады. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған. Салдарынан 8 адам қаза болды. Кейін ауруханада тағы екі адам көз жұмды. Жүздеген адам жарақат алды. Қырғызстан жаққа өтіп, емделіп жатқандар да бар. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде үш полицейге оқ тиді.
Жаппай төбелестің арты тәртіпсіздіктерге ұласқан. Қазіргі мәліметке сәйкес, 30-дан астам жеке үй, 15 сауда үйі мен 23 көлік зақымданды. Кеше сағат 21:00-ден бастап Қордай ауданында төтенше жағдай енгізілді.
Кеше ұсталған адамдардың көбісін босатты. Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.
Тоқаевтың мәлімдемесі
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы жағдайға байланысты тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасады. Ол төбелестің себебін анықтайтын үкімет комиссиясын құруды тапсырды.
Мемлекет басшысы қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастыру керек екенін айтты.
Сондай-ақ, комиссия жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады.
"Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді", - деп түйіндеді Тоқаев.
Комиссия құрамына кім кірді
Комиссия төрағасы - премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев. Комиссия құрамына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, парламент мәжілісінің депутаты Шәкір Хахазов және "Дүнген қазақстандық қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абубакир Воинце кірді.
Тағы оқыңыз: Дүнген баласы Тоқаевқа видео жіберді – президент не деп жауап берді?
Бұдан бөлек, комиссия құрамында қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрлері, ақпарат және қоғамдық даму, ұлттық экономика, денсаулық сақтау, білім және ғылым вице-министрлері, ішкі істер, қорғаныс министрлерінің орынбасарлары, Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасарлары бар.