Оқиға

Қазақ тілі мұғалімі бар: Қордайда қаза болғандардың аты-жөні жарияланды

© Sputnik / Табылды КадырбековАрхивное фото мужчины, показывающего кулак
Архивное фото мужчины, показывающего кулак - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан дүңгендер қоғамының мәліметі ішкі істер министрлігінің ақпаратымен сәйкес келеді - Қордайда сегіз адам көз жұмды

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан — Sputnik. Қазақстан дүңгендер қоғамының Алматы филиалы Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жаппай төбелес кезінде қаза болғандардың аты-жөнін жариялады.

1. Исыров Баху, 1988 жылы туған

2. Чонтей Абдула, 1986 жылы туған

3. Харсанов Рам

4. Ясыров Малик, Сортөбе ауылындағы №17 орта мектептің қазақ тілі және информатика пәнінің мұғалімі

5. Шисыр Рахим

6. Хишанло Сулейман

7. Лохаш Лугмар (Бұлан Батыр ауылы)

8. Киров Исхар (Бұлан Батыр ауылы)

"Жерлеуді ұйымдастыруға көмектесу бойынша өтініштер түсіп жатыр", - деп хабарлады Қазақстан дүңгендер қоғамының Алматы филиалы.

Қордайдағы оқиға

7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне "Қордай ауданының Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр" деген ақпарат түскен. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберіледі. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуеметтік желі арқылы таратқан.

Соның салдарынан жақын жердегі Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарынан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылады. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған. Салдарынан 8 адам қаза болды. 40-тан астамы жарақат алды. Олардың ішінде оқ тиген екі полицей бар.

Жаппай төбелестің арты тәртіпсіздіктерге ұласқан. Қазіргі мәліметке сәйкес, 30-дан астам жеке үй, 15 сауда үйі мен 23 көлік зақымданды.

Ішкі істер министрлігі 47 адам ұсталғанын хабарлады. Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр. 

Тоқаевтың мәлімдемесі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы жағдайға байланысты тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасады. Ол төбелестің себебін анықтайтын үкімет комиссиясын құруды тапсырды.

Мемлекет басшысы қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастыру керек екенін айтты.

Сондай-ақ, комиссия жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады.

"Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді", - деп түйіндеді Тоқаев.

Комиссия құрамына кім кірді

Комиссия төрағасы - премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев. Комиссия құрамына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, парламент мәжілісінің депутаты Шәкір Хахазов және "Дүнген қазақстандық қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абубакир Воинце кірді.

Бұдан бөлек, комиссия құрамында қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрлері, ақпарат және қоғамдық даму, ұлттық экономика, денсаулық сақтау, білім және ғылым вице-министрлері, ішкі істер, қорғаныс министрлерінің орынбасарлары, Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасарлары бар.

Жаңалықтар
0