Оқиға

Дүнгендер ұйымының өкілі Қордай тұрғындарының неден қорқып отырғанын айтты

© Sputnik / Владимир Воронин / Медиабанкке өтуАрхивное фото массовой драки
Архивное фото массовой драки - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан дүнгендері қоғамдық бірлестігінің мәліметінше, Қордай ауданындағы отбасылар Қырғызстанға өтіп кетуге тырысуда, өйткені олар бүлікшілік қайталануы мүмкін деп қорқады

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Қазақстан дүнгендерінің қоғамдық бірлестігі Қордайдағы қақтығысқа себеп болған жағдайларды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ұйымның Алматы қалалық филиалының өкілі Ариф Имаровтың айтуынша, Масаншы ауылындағы тәртіпсіздіктерге 5 ақпандағы тұрмыстық жанжал себеп болған.

"Ол күні жастардың бір тобы Қаракемер ауылынан Сортөбеге бара жатқан. Сонда жанжал туындады, бірақ төбелес болған жоқ. Өзара ілігісіп қалған ғой. Сосын Сортөбеде полицейлерге күш қолдану оқиғасы болды. Сол үшін екі адамды ұстады. Қазір бір қарияның сан сүйегін сындырды деген ақпарат тарап жатыр. Ондай болған жоқ. Мен өзім естіген жоқпын", - деді Имаров Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Филиал жетекшісі Ромазан Аюбов та кешегі жаппай тәртіпсіздік осыдан үш күн бұрын болған жанжалдың салдары деп отыр.

"Иә, 5-cі күні тұрмыстық жанжал болған. Меніңше, жергілікті билік, ауыл әкімдері тиісті шараларды дер кезінде қолға алмаған. Кеше болған нәрсе емес қой. Бірден шара қолдану керек еді", - дейді Аюбов.

Дүнгендер неден қорқып отыр?

Ариф Имаровтың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қордай ауданындағы дүнгендер жаппай тәртіпсіздіктер тағы қайталанды деп үрейленіп отыр. Сол себепті кейбіреуі көрші Қырғызстанға кетуге тырысуда. Имаровтың өзі Алматыда. Отбасы Масаншыда тұрады.

"Ол жақта әйелім, ұлым, келінім және немерелерім қалды. Олар үшін қатты уайымдап отырмын. Қазір барлығы үйде. Бұған дейін "Сортөбе" бекеті арқылы Қырғызстанға өтіп кетпекші болған. Бірақ шыға алмады. Мендегі ақпарат бойынша шекарада адамдар кептеліп тұр. Баланы қолда ұстап тұру қиын. Сол себепті біздікілер үйге қайтты", - деп атап көрсетті Имаров.

Тағы оқыңыз: Қордай ақсақалдары Бердібек Сапарбаевқа не болғанын айтып берді

Оның айтуынша, түнде туған-туыстарына қоңырау шалып, ала алмаған. Өйткені байланыс жағынан қиындықтар болды.

"Менің отбасым түнгі оқиғалар тағы қайталанады деп қорқып отыр. Мен оларға үйден шықпасын дедім. Өзім қазақтармен бірге өстім. Қаракемер ауылында сыныптастарым көп. Біз барлық жанжалды бейбіт жолмен шешетінбіз. Ақсақалдар бір-біріне барып, татуласып жүретін", - дейді Имаров.

Қордайдағы оқиға

7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне "Қордай ауданының Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр" деген ақпарат түскен. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберіледі. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуеметтік желі арқылы таратқан.

Соның салдарынан жақын жердегі Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарынан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылады. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған. Салдарынан 8 адам қаза болды. 40-тан астамы жарақат алды. Олардың ішінде оқ тиген екі полицей бар.

Жаппай төбелестің арты тәртіпсіздіктерге ұласқан. Қазіргі мәліметке сәйкес, 30-дан астам жеке үй, 15 сауда үйі мен 23 көлік зақымданды.

Ішкі істер министрлігі 47 адам ұсталғанын хабарлады. Сотқа дейінгі тергеу шаралары қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр.

Тоқаевтың мәлімдемесі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы жағдайға байланысты тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасады. Ол төбелестің себебін анықтайтын үкімет комиссиясын құруды тапсырды.

Мемлекет басшысы қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастыру керек екенін айтты.

Сондай-ақ, комиссия жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады.

"Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді", - деп түйіндеді Тоқаев.

Комиссия құрамына кім кірді

Комиссия төрағасы - премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев. Комиссия құрамына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, парламент мәжілісінің депутаты Шәкір Хахазов және "Дүнген қазақстандық қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абубакир Воинце кірді.

Бұдан бөлек, комиссия құрамында қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрлері, ақпарат және қоғамдық даму, ұлттық экономика, денсаулық сақтау, білім және ғылым вице-министрлері, ішкі істер, қорғаныс министрлерінің орынбасарлары, Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасарлары бар.

Жаңалықтар
0