НҰР-СҰЛТАН, 7 ақпан – Sputnik. Bek Air қазақстандық әуе компаниясы рейстердің тоқтатылу мерзімі 2020 жылдың 16 ақпанына дейін (қоса алғанда) ұзартылатыны туралы жария етті.
"Сіздерге 2020 жылдың 16 ақпанына дейін (қоса алғанда) жоспарланған рейстер тоқтатылғаны туралы хабарлаймыз", - делінген компания мәліметінде.
Билеттердің ақшасын қайтаруға өтінішті тіркеу үшін билеттер сатып алынған орынға бару керек.
"Қазіргі таңда техникалық қиындықтарға байланысты ақша қайтарылмай жатыр. Дегенмен қаржыны қайтару бойынша барлық міндеттемелер орындалады", - деп сендірді компания.
Алматы маңындағы ұшақ апаты
27 желтоқсан күні таңертең Алматы түбінде жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Әуежайдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Fokker-100 көп ұзамай Талғар ауданындағы елді мекенге құлады.
Ұшақ ішінде 93 жолаушы, бес экипаж мүшесі болған. Жолаушылардың төртеуі - шетелдік азамат. Қайғылы оқиғадан 12 адам қаза тапты, бір ай өткен соң екінші ұшқыш та көз жұмды.