НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан лотереяның жұмысына қатысты бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың айтуынша, қазір сауда үйлері мен дүкендерде, базарларда орнатылған лото терминалдарда жасқа шектеу жоқ.
"Кішкентай баладан бастап шалға дейін ойнау үшін кезекте тұрады. Мектеп жасындағы балалардың ойнап жатқанына ешкім назар аударып жатқан жоқ. Бақылап жатқан ешкім жоқ. Бұл балалар үшін өте қауіпті жағдай. Құмар ойындардың бастамасы осыдан", - деді Тілеухан мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, құмар ойындардың зардабы орасан зор, қаншама отбасы бұзылып жатыр.
"Мен бұған лотереяны кінәлап жатқан жоқпын, соған апаратын жол сияқты. Ұрпақты сақтандыру мақсатында айтып отырмын. Бұл әрекеттер қоғамға қауіп туғызатындықтан, қатаң түрде шектеу қою керек", - деп толықтырды депутат.
Мәжілісмен лото терминалдарда жас ерекшелігі ескерілген функциялар орнатылуы керек деп санайды.
Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілерде қаптап кеткен лотереялардың жұмысына да тоқталды.
"Қазір әлеуметтік желілердің дамыған заманы. Осы арқылы кітап, көлігін, пәтерін, тіпті үстіндегі көйлегіне дейін ойнатып жатқан азаматтарымыздың сауда-саттығы тым көбейіп кетті. Бұл заң бойынша коммерциялық мақсатта деп айтылатын шығар. Бірақ, лотерея болғаннан кейін ойнату тәртібі барлық жерде бірдей. Жалпы, ешкім ойнағанда, ұтыламын деп ойнамайды. Бәрі қызығып, үміттеніп ойынға қатысады. Бәрі бірдей ұтысқа ие бола алмайтыны анық. Қазір елдің жүйкесі жұқа. Бір-екі жыл ойнап, ештеңе ұтпаса, "қаншама ақшам зая кетті, ақшамды қайтар" деп алдыңа келіп тұрса, таңғалмаңыздар", - деді депутат.
Оқи отырыңыз: Енді Instagram-да лотерея өткізетін әнші-әртістер жауапқа тартылады
Тілеухан ойынға қатысатындардың дені қарапайым халық екенін айтты.
"Осындай жағдайлардың алдын алу үшін коммерциялық мақсатта ойнатылатын лотереялардың жұмысын жүйелеуді ұсынамыз", - деп түйіндеді ол.