Қоғам

Министр екі елмен шекарада коронавирусқа қарсы тексеріс неге жүргізілмейтінін айтты

© Photo : Пресс-служба президента КыргызстанаПункт пропуска на границе
Пункт пропуска на границе - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министр коронавирустың инкубациялық мерзімі он төрт күн екенін айтты. Егер бастапқы кезеңде ауру белгілері байқалмаса, он күннен кейін міндетті түрде сезіле бастайды

НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Қазақстан Ресей және Қырғызстанмен шекарадағы автокөлік өткізу пунктерінде азаматтарды тепловизормен тексеріп жатқан жоқ. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұған қажеттілік жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"ЕАЭО келісімшарты бойынша біз Қырғызстан және Ресеймен шекараны бақыламаймыз. Ол жерде тек шекарашылар бар. Қырғызстан мен Ресей ахуалы қолайсыз елдерге жатпайды, сол себепті күшейтілген санитарлық бақылау жүргізудің қажеті жоқ", - деп түсіндірді Біртанов үкімет кулуарында.

Десе де, ол Қазақстан Ресей және Қырғызстанмен кеден бекеттерінде санитарлық мамандар жұмыс істеп жатқанын айтты.

"Тепловизорлармен тексеруге қажеттілік жоқ", - деді министр.

Біртанов дәрігерлерге потенциалды пациенттерді шекарадан гөрі үйде бақылаған тиімді екенін айтты.

Министрдің сөзінше, коронавирустың инкубациялық мерзімі он төрт күн. Егер бастапқы кезеңде ауру белгілері байқалмаса, он күннен кейін міндетті түрде сезіле бастайды.

Қытайда тараған қауіпті вирус

Өткен жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласын белгісіз дерт жайлады. Мамандар оның жаңа типті 2019-nCoV коронавирусы екенін анықтады.

Қаңтардың соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдағы жаңа коронавирус індетін халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялады. Соңғы деректер бойынша, коронавирусты 20 мыңнан астам жұқтырған, 425-і көз жұмды.

Тағы оқыңыз: Қытайдан эвакуацияланған студент Қазақстан халқына үндеу жасады

Осыдан кейін Қазақстан Қытаймен әуе, теміржол және автобус қатынасын тоқтатты. Алайда Қытайға тауар жеткізу және әкелу тоқтаған жоқ.

Әзірге Қазақстанда коронавирус тіркелмеді. Қазір стационарларда отыз үш адам емделіп жатыр, оларда коронавирус күдігі расталған жоқ. Ел билігі өткен аптада Қытайдағы студенттерді эвакуациялады. Қазір олар он төрт күндік карантинге жатқызылды.

Сондай-ақ, Беларусь елінің бес азаматы мен бір армениялық және 18 Қырғызстан азаматы эвакуацияланды. Соңғылары арнайы бортпен Бішкекке жіберілді.

Жаңалықтар
0