АЛМАТЫ, 3 ақпан – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті ішкі істер министрлігімен бірлесіп, "Серік-голова" лақап атымен танылған Серік Жаманаев басқарған ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.
"1 ақпанда Жаманаевпен бірге ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қылмыстық топтың 6 мүшесі Алматы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Күдіктілердің тұрғылықты мекен-жайларын тексеру кезінде автомат және жартылай автоматты қару, ірі көлемде ақша, сондай-ақ, өзгенің мүлкіне қол сұққанын растайтын фактілер табылған.
"ҰҚК-ІІМ ведомствоаралық жедел тобы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.
Серік-голова деген кім?
БАҚ-тың мәліметінше, Серік Жаманаев Алматы облысында дүниеге келген, 54 жаста. Бірінші рет 17 жасында ұрлық жасап сотты болған. Бірнеше рет тонау, есірткі сақтау, ауыр дене жарақатын салғаны үшін сотталған.
"Голова" лақап атын екінші рет сотталғаннан кейін алған.
1996 жылы ресейлік қылмыстық топтың жетекшісі Михасьтың қолдауымен "қылмыс әлемінің серкесі" (вор в законе – Sputnik) атанады. Жаманаев Тәуелсіз Қазақстанда осы "атақты" алған алғашқы адам ретінде тарихта қалып отыр.
Жаманаев есірткі жеткізумен айналысқан, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігінде – Тараз, Шымкент, Алматыда "Башка" ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі болған. Қазақстандағы барлық тасымалды бақылауда ұстаған.
Серік Жаманаев 2002 жылы арнайы операция кезінде тұтқындалған. Алматы облысының қылмыстық топтарымен "келіссөз" жүргізу кезінде қолға түскен.
Ұсталған кезде өзімен бірге есірткі, оқ-дәрі болған Жаманаев үш жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда түрмедегі тұтқындар Жаманаевтың қамалуына байланысты шу шығарып, өздерінің қарындарын тілген.
Оқи отырыңыз: ҰҚК қылмыстық топ мүшесі ұсталған сәттің видеосын жариялады
2009 жылы Жаманаев журналисті ұрлады деген күдікке ілігеді. Артынша Алматы облысында борсық аулап жүрген жерінен қолға түседі. Ер адам полицияға қарулы қарсылық көрсетуге тырысқанымен, оны "Арлан" жауынгерлері тұтқындайды.
Жаманаевтың журналистің ұрлануына қатысы бар-жоғы анықталған жоқ. Алайда героин сақтағаны үшін тағы да бас бостандығынан айырылып, Арқалықтағы аса қауіпті қылмыскерлерге арналған түрмеге жіберілген.
2012 жылы Серік Жаманаев Қостанай облысындағы колонияда тәртіпсіздік ұйымдастырды деп айыпталып, тағы бес жылға сотталды.
2013 жылы 7-рет сотталды: түрме режимін бұзғаны үшін 3,9 жылға бас бостандығынан айырылды.
2019 жылы Серік Жаманаев барлық жазасын өтеп, бостандыққа шыққаны хабарланды.