НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан– Sputnik. Қытайдың Ухань қаласынан эвакуацияланған қазақстандықтардан коронавирус анықталған жоқ. Бұл туралы бүгін арнайы баспасөз мәслихатында бас санитар Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жалпы, 89 адам эвакуацияланған болатын. Олардың ішінде 83 - Қазақстан азаматтары, басым бөлігі, яғни 80 адам – студенттер. Бұдан бөлек, 5 Беларусь азаматы мен 1 Армения азаматы бар. Сосын 18 Қырғызстан азаматы жеткізілді", - деді Бекшин.
Оның сөзіне қарағанда, барлығынан сынама алынды. Дене қызуы жоқ. Коронавирус анықталмады. Оны зертхана нәтижесі де растап отыр. Дегенмен, олардың барлығы екі апта дәрігерлердің бақылауында болады.
"Коронавирус анықталған жоқ. Алайда ол азаматтар 14 күндей карантинге алынуы керек", - дейді Бекшин.
Сондай-ақ, бас санитар 3 ақпаннан бастап Қазақстанның Қытаймен арадағы шекарасы жабылғанын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырды деген күдікке ілінген 46 адам стационарда жатыр
"Бүгін соңғы ұшақтар біздің азаматтарымызды әкеліп жатыр. Ертеңнен бастап тікелей әуе қатынасы толығымен тоқтайды. Бұған дейін автобус бен поезд қатынасы тоқтатылған болатын", - деп атап көрсетті Бекшин.
Оның айтуынша, шекара арқылы тек жүк өтеді. Сондай-ақ, ресми делегациялардың өкілдері қатынай алады. Олардың барлығын екі жақтан да арнайы құрал-жабдықпен тексеріп отырады.