Қоғам

Министр коронавирусқа байланысты қазақстандықтарға үндеу жолдады

© Sputnik / Абзал Калиев Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов
 Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елжан Біртанов қазақстандықтарға дене қызуы, жөтел және тыныс алудың қиындауы секілді белгілер пайда болса, уақыт созбай дәрігерге қаралуға кеңес берді

НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандықтардан ауру белгілері байқалса, бірден дәрігерге қаралуды өтінді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Достар, коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты дене қызуы, жөтел және тыныс алудың қиындауы секілді белгілер пайда болса, тұрғылықты мекенжай бойынша өз дәрігеріңізге хабарласуды немесе 103 нөмірі арқылы жедел жәрдем шақыруды сұраймыз. Коронавирус жайлы қосымша ақпаратты нақтылау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 нөміріне – біздің мамандарға қоңырау шалуға болады", - деп жазды министр.

Біртанов Қытаймен мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейгенін атап өтті. Осы жылдың 6 қаңтарынан бері барлығы 20 мыңнан астам адам қаралған.

"Барлық халықаралық өткізу пунктінде тепловизорлар орнатылды. Олар стационарлық, әдетте жолаушыларға байқалмайды. Бірақ әрбір өткен адам сканерленеді. Яғни, егер жолаушының температурасы нормадан жоғары болса, экранда автоматты түрде қызыл белгі шығып, сигнал береді. Маман жолаушыны оқшаулау үшін ақпаратты шекарашыларға жібереді. Одан кейін медициналық кабинеттердегі қызметкерлер жолаушыны тексереді", - деп түсіндірді Біртанов.

Айтуынша, қазір елімізде дене қызуы және өткір респираторлық вирусты инфекция белгілерімен 78 адам арнайы боксқа жатқызылған. Оның 32-і үйіне жіберілді, 46 адам – стационарларда медициналық бақылауда.

"Дәл қазіргі уақытта тіркелген жағдайлардың 99%-і – бұл өткір респираторлық вирусты инфекция, анализ нәтижелерінен кейін белгілі болып отыр", - деп жазды министр.

Бетперде жеткілікті

Денсаулық сақтау министрі елде бетперде жеткілікті екеніне сендірді.

"Медициналық мекемелер толығымен қамтылған. Біздің бастамамызбен ведомствоаралық штабта жергілікті жерлердегі дәріханаларды бақылау қажеттігі туралы мәселе көтерілді. Біз облыс пен қала әкімдерінен жергілікті бизнесмендерді қосымша бетперде шығаруға және импорттауға шақыруды сұрадық", - деді Біртанов.

Қытайдағы коронавирус

2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухань қаласында белгісіз пневмонияның таралып жатқаны туралы хабарлады. Сарапшылар аурудың қоздырғышын анықтады – ол 2019-nCoV коронавирусы.

Тағы оқыңыз: Қытайда тағы бір қауіпті вирус табылды

Қаңтардың соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдағы жаңа коронавирус індетін халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялады.

Соңғы деректер бойынша, Қытайда жаңа коронавирустан 304 адам көз жұмды, жұқтырғандар саны 14 380 адамға жетті, 328-і емделіп шықты.

Қазақстанда коронавирус ауруы тіркелген жоқ.

Ел билігі Қытаймен әуе, теміржол және автобус қатынасын тоқтатты.

Жаңалықтар
0