Оқиға

Ақтөбе облысында Whatsapp арқылы елді дүрліктірген әйел ұсталды

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуМессенджер WhatsApp
Мессенджер WhatsApp - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Фармацевтика компаниясының 37 жастағы қызметкері жауап алу барысында кінәсін мойындады, сотқа дейінгі тергеу басталды

НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Ақтөбе облысының полицейлері коронавирус жайлы жалған ақпарат таратқан фармацевтика компаниясының қызметкерін ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстың полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

29 қаңтарда әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Whatsapp мессенджері арқылы жалған ақпарат тарату фактісі анықталған.

"Тексеру шаралары барысында дыбыстық хабарламаны таратқан әйелдің кім екені анықталды. Ол фармацевтика компаниясының 37 жастағы қызметкері болып шықты", - делінген хабарламада.

Полиция департаментінің ақпаратынша, жауап алу кезінде әйел кінәсін мойындады.

Қазір Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ақтөбе облысының полиция департаменті жалған мәлімет тарататындар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды.

Тағы оқыңыз: "Қорқынышты": Қазақстан студенттері Уханьда не боп жатқанын айтты - видео

Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігіне сәйкес, БАҚ және ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы жалған ақпарат таратқандарға 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Не болмаса 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеліп, немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қытайдағы коронавирус

2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухань қаласында белгісіз пневмонияның таралып жатқаны туралы хабарлады. Сарапшылар аурудың қоздырғышын анықтады – ол 2019-nCoV коронавирусы.

Қаңтардың соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдағы жаңа коронавирус індетін халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялады.

Қытайда жаңа коронавирустан 259 адам көз жұмды, шамамен 12 мың адам жұқтырды.

Қазақстанда коронавирус ауруы тіркелген жоқ. 

Ел билігі Қытаймен әуе, теміржол және автобус қатынасын тоқтатты.

Жаңалықтар
0